Смайылов Литваның Ұлттық аудит офисіне жұмыс сапарымен барды

Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов бастаған делегация Литва Ұлттық аудит офисінің мамандарымен тәжірибе алмасу мақсатында Вильнюс қаласына ресми сапармен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері сапар барысында Литваның аудит жүргізу және еңбек ресурстарын басқару тәсілдерімен, сондай-ақ шетелдік әріптестер пайдаланатын жүйелік IT-құралдармен танысатын болады.

Жұмыс бағдарламасы шеңберінде қаржылық аудиттің әдіснамасы мен процестері, тиімділік аудиті және IT-аудит, жүргізілетін тексерулердің қорытындылары бойынша ұсынымдардың орындалуы және т.б. мәселелер талқыланатын болады.

Әлихан Смайылов Литваның бас аудиторы Миндаугас Мацияускаспен салтанатты кездесу кезінде екі елдің жоғары аудит органдарын көпжылдық ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.

Бұл ретте өзара іс-қимыл екіжақты форматта ғана емес, сонымен бірге ИНТОСАИ және ЕВРОСАИ сияқты халықаралық ұйымдар базасында да жүзеге асырылады.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы биыл шілдеде өткен «дәрежесі бойынша тең»тексерудің кезекті кезеңінің маңыздылығын да атап өтті.

Мұның шеңберінде Литваның, Португалия мен Түркияның аудиторлық командалары Жоғары аудиторлық палатада аудит жүргізген болатын.

Біз үшін «дәрежесі бойынша тең» тексеру өте маңызды, өйткені қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата ең үздік аудит әдістері мен практикаларын енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыруға бағытталып отыр, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ол литвалық әріптестерін ҚР мемлекеттік аудит жүйесінде болған және алдағы уақытта болатын өзгерістер туралы хабардар етті, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

Литва Республикасы Ұлттық аудит офисінің халықаралық аудиторлық қоғамдастықтардың белсенді мүшесі әрі мемлекеттік аудитті табысты жүзеге асыратын институт ретіндегі көпжылдық тәжірибесі біз үшін маңызды, — деп атап өтті Палата төрағасы Әлихан Смайылов.

Литваның бас аудиторы Миндаугас Мацияускас өз тарапынан 2022 жылы Рио-де-Жанейрода Литва мен Қазақстанның жоғары аудит органдары арасында меморандумға қол қоюдан басталып, 2023 жылы «дәрежесі бойынша тең тексеру» жүргізу шеңберінде жалғасын тапқан ымақтастықтың жемісті екенін атап өтті.

Біздің институттар арасындағы өзара іс-қимыл дами түседі деп үміттенеміз, — деді ол.

Әлихан Смайылов Литваның Ұлттық аудит офисінде ведомствоның арнайы кітабына жазба қалдырды. Анықтама ретінде: Литва Қазақстанның Еуропалық Одақ мемлекеттері арасындағы 10 ірі сауда әріптесінің және әлемдегі 30 ірі әріптесінің қатарына кіреді.

Елдер білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларында белсенді түрде тәжірибе алмасуда. Атап айтқанда, Қазақстан мен Литваның жетекші жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс пен стратегиялық әріптестік орнаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жоғары аудиторлық палата
Өзгелердің жаңалығы