Смайылов несие өтеуге кететін бюжет шығысын атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын қарастыруда.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аталған заң жобасын талқылау үшін бір жарым сағат үзіліс алды.
Үзілістен кейін ұлттық экономика министрі Руслан Дəленов, премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Əлихан Смайылов пен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.
"Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялық қор құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт - халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған əрбір қарыз алушы үшін тікелей жəне атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты жəне ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр", - деді Əлихан Смайылов.
Қазір отырыста сұрақ-жауап рәсімі өтіп жатыр.
Атап өтсек, бүгін Мәжіліс "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды əзірледі.
Еске салсақ, жуырда алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясының жұмысы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды. Премьер-министр Асқар Мамин палаталардың бірлескен отырысында "Бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясы жұмысының мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын. Осы ретте, алдағы уақытта Парламент пен Үкімет әлеуметтік маңызы үлкен шараларды қабылдауға белсенді жұмыс атқаратынына сенемін" деген еді.