Смайылов: Импортты алмастыру – отандық кәсіпкерлер үшін бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Әлихан Смайылов импортты алмастыру – отандық бизнесті дамытуға мол мүмкіндік беретінін айтты.
Үкімет басышысы бұл туралы елордада ашылған қазақстандық өндірушілердің VI Ulttyq Ónim көрмесінің ашылу салтанатында айтты.
Өндірістің қайта өңдеу саласындағы импорттың өткен жылы $38 млрд болғанын ескерсек, кәсіпкерлер үшін оны алмастыру - келешегі зор бағыттардың бірі болып отыр.
Бұл - біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын құрып отыр, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жобалар, - деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, биыл жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланған. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізі. Осы бағытта Үкімет кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастыратын болады, — деді Премьер-министр.
Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін Премьер-министр көрме залында болып, отандық тауар өндірушілердің стендтерімен танысты. Биыл Ulttyq Ónim көрмесіне «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы мемлекеттік қолдау алған отандық микро, шағын және орта бизнестің 350-ден астам өкілі қатысады.