Смайылов Honeywell компаниясының басшылығымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Honeywell компаниясының басшылығымен – өсу қарқыны жоғары жаһандық өңірлер бойынша президент Бен Дриггспен және Түркия, Израиль және Орталық Азиядағы қарқынды өсу өңірлері бойынша президент Уйгар Доюранмен кездесу өткізді.

Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.

Тараптар экономиканы декарбонизациялау, өнеркәсіпке заманауи жасыл технологияларды енгізу мәселелерін, сондай-ақ Honeywell-дің елімізде жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі жоспарларын талқылады.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестициялар үшін ең тартымды ел болып қала беретінін, оған Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік капиталды құқықтық қорғау бойынша іске асырып жатқан шаралары ықпал ететінін атап өтті.

Біз шетелдік серіктестер алдындағы өз міндеттемелерімізді орындауды жалғастырамыз және одан әрі ынтымақтастық үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз, - деді ҚР Премьер-министрі.

Өз кезегінде Бен Дриггс қазіргі уақытта Honeywell компаниясының Қазақстанда көмірсутектерді тұту және пластикті қайта өңдеу технологияларымен, сондай-ақ жасыл реактивті және дизель отынын өндірумен байланысты жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

Сіздерің еліміздің аумағында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі жоспарларыңызды құптаймыз. Осыған байланысты Үкімет аталған бағыттар бойынша ынтымақтастықты арттыруға және қажетті қолдау көрсетуге ниетті екенін атап өткім келеді, - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Анықтама: 

Honeywell – электронды басқару және автоматтандыру жүйелерін шығаратын америкалық корпорация. Негізгі бағыттар — аэроғарыштық жабдықтар, ғимараттар мен өнеркәсіптік құрылыстарды пайдалануға арналған технологиялар, автомобиль жабдықтары, турбокомпрессорлар. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы