Смайылов ЕҚДБ вице-президентімен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде ЕҚДБ банктік операциялар жөніндегі вице-президенті Алан Пиюмен келіссөз жүргізді. 

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Онлайн-кездесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі жағдайды және Үкіметтің банк секторына қатысты қысқа мерзімді іс-қимыл жоспарын талқылады. 

Премьер-министр теңгеге деген сенімді сақтау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырған шаралар туралы айтып берді.

Қазақстанның банк секторының елеулі капитал қоры бар екендігі атап өтілді, бұл теріс факторларға қарамастан банктерге тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, осы жылдың басынан бері банктердің жиынтық активтері 148 млрд теңгеге (0,4%) 37,8 трлн теңге көрсеткішіне дейін өсті. Меншікті капитал 96 млрд теңгеге (2,1%) өсіп, 4,6 трлн теңгені құрады. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іске асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастықтың басқа да бағыттары бойынша белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті. 

Анықтама: Еуропа қайта құру және даму банкі – 1991 жылы құрылған, Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі елдердегі, сондай-ақ Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізі елдеріндегі жобаларды қаржыландыратын халықаралық қаржы ұйымы.

 Қазақстан бойынша 2021 жылы ЕҚДБ 18 жобаға 558 млн еуро инвестиция салды, оның 40%-ға жуығы жасыл экономикаға көшуге байланысты. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы