Смайылов: Елімізде ажырасулардың 40%-ы ойынға тәуелділіктен

Қазақстанда лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шара қабылдау жоспарланып отыр. Қазір тиісті заңнамалық түзетулер – Парламент қарауында, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжілісте өткен брифингте мәлімдеді. 

Үкімет басшысы соңғы жылдары лудомания (ойынға тәуелділік) үлкен мәселеге айнала бастағанын атап өтті. 

Ажырасулардың 40%-ы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдіктен кейін 2-орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды, — деді Әлихан Смайылов. 

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманияға қарсы күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірледі. 

Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңейін 25 жасқа дейін көтеру. Сондай-ақ борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банктік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған, — деді Премьер-министр. 

Оның сөзінше, осы және басқа да шаралар Қазақстандағы лудомания мәселесінің шешімін табуға бағытталған. 

Расымен лудомания жаппай белең алып кетті. Тиісті нормаларды заңнамаға енгізу мерзіміне келетін болсақ, бұл Парламенттің қаншалықты жылдам қабылдауына байланысты. Жақын арада деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы