Смайылов ЕАДБ кеңесінің отырысын өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 маусымда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің отырысы өтті, онда Банктің 2021 жылғы жұмысының қорытындылары қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баа паспасөз қызметі.
Мәселен, өткен жылы Банк 19 жаңа жоба бойынша келісімдерге қол қойды. Бұл ретте ағымдағы инвестициялық портфельде интеграциялық әсері бар жобалардың үлесі 59,6%-ды құрады. ЕАДБ-ның 2021 жылғы таза пайдасы – $37,1 млн, бұл жоспардан 2,1 есе артық.
2022 жылдың басында әлемдегі, сондай-ақ жергілікті қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында ЕАДБ тұрақты қаржылық жағдайды және 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның міндеттерін іске асыру мүмкіндіктерін сақтап қалғаны атап өтілді.
ЕАДБ жобалар бойынша жаңадан қол қою жоспарын орындауға ниетті. Әзірленген 5 жылдық елдік стратегиялар аясында Қазақстанда, Арменияда, Тәжікстанда және Қырғызстанда жобаларды дамытуға ерекше назар аударылмақ.
Банк қызметі қазіргі жағдайларға сай нақтыланып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін еуразиялық өңір елдеріне көмек көрсетуге бағытталуы тиіс, – деді Кеңес төрағасы, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Тексеру комиссиясының және Банктің Ішкі аудит қызметінің есептерін, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді қарады.
Кеңес отырысы қарсаңында ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов Әлихан Смайыловқа еуразиялық кеңістіктегі негізгі инвестициялық мегажобалар бойынша жасалған жұмыстарды таныстырды.
Анықтама:
Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. ЕАДБ 15 жылдан астам уақыт бойы экономикалық байланыстарды нығайтып, кеңейтуге және қатысушы елдердің жан-жақты дамуына ықпал етіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – $7 млрд. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобаларға тиесілі. Банк өз жұмысында БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.