Смайылов: Дарынды жастарымызға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ақтөбедегі бірінші аймақтық IT-хабта болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Aqtobe IT-Hub-тың негізгі миссиясы - ІТ-стартаптарды қолдау, цифрлық білім беру және технологиялар трансферті, заманауи технологиялар саласындағы таланттарды іздеу және олардың әлеуетін ашу, жалпы аймақтағы IT саласын дамыту.
Aqtobe IT Hub резиденттері жаңа цифрлық өнімдер мен қызметтерді, оның ішінде қала мен ірі өнеркәсіптік компаниялардың мәселелерін шешуге бағытталған өнімдерді жасаумен айналысады.
Жыл ішінде олар кем дегенде 150 инкубациялық бағдарлама мен 75 стартап жобаны іске қосуды көздеп отыр.
Әлихан Смайылов цифрлық технологиялар саласын дамыту үшін ҚР астанасында салықтық преференцияларды қарастыратын және барлық әкімшілік рәсімдерді жеңілдететін халықаралық IT-хаб құрылғанын атап өтті.
Қазір нәтижелерді көріп отырмыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша IT өнімдері мен қызметтері есебінен $300 млн-нан астам экспорт бар. Биыл ол $500 млн құрап отыр. Екі-үш жылдың ішінде $1 млрд долларға жетеді деп күтілуде. Сондықтан бұл тәжірибені тарату маңызды. Біз Қазақстанда, оның ішіне Ақтөбені қосқанда, осындай сегіз орталық аштық. Биылғы жылдың соңына дейін тағы алтауын іске қосу жоспарланып отыр, — деді ол.
Сондай-ақ Aqtobe IT-хабында Үкімет басшысы мен өңірдің шығармашыл жастарының кездесуі өтті, оның барысында зияткерлік меншік нарығындағы трендтер, сондай-ақ жастар жобаларын қолдау шаралары талқыланды.
Премьер-министр республикада алдағы 7 жылға арналған Жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданғанын, ал заңдарда «креативті индустрия» ұғымы бекітілгенін және оның құрамына кіретін қызмет түрлері айқындалғанын айта кетті.
Осы бағыттардың барлығы бойынша дарынды жастарымыздың әр салада қабілеттерін дамытуға көмектесу үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз, — деді Әлихан Смайылов.