Бүгiн 2026, 10:57 Фото: auditpalatasy

Смайылов: Бюджет кодексін іске асыру барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталды

Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік органдарға өз бюджеттерін 15 пайыздық лимит шегінде нақтылаусыз түзетуге мүмкіндік берілген.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің жаңа Бюджет кодексіне сәйкес атқарылуын бағалау барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, анықталған барлық мәселе Жоғары аудиторлық палатаның есебінде көрініс тауып, Парламентте қаралған.

Әлихан Смайылов бюджет жүйесін жетілдіруге бағытталған бірнеше негізгі ұсынысқа тоқталды.

Біріншіден, қолданыстағы Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік органдарға өз бюджеттерін 15 пайыздық лимит шегінде нақтылаусыз түзетуге мүмкіндік берілген. Алайда, Палата төрағасының айтуынша, бұл тетік қосымша пысықтауды қажет етеді.

Түзетілген бюджетке қатысты есептесек, небәрі сегіз түзетудің негізінде бастапқыда бекітілген бюджетті толықтай қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жетті. Бұл республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде Парламентте егжей-тегжейлі талқыланып, бекітілген бюджет параметрлерінен едәуір ауытқу тәуекелдерін тудырады, – деді ол.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата мұндай түзетулердің көлемін шектеп, олардың Парламенттің бақылауында болуын қамтамасыз етуді ұсынды.

Екіншіден, Әлихан Смайылов қаражат тапшылығы мен шығыстарға басымдық беру жағдайында блоктық бюджеттеудің тиімділігі әзірге шектеулі екенін айтты. Оның пікірінше, пилоттық мемлекеттік органдардың тәжірибесіне толыққанды талдау жүргізіп, оның нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылдау қажет.

Үшіншіден, Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік борышты басқару жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Ковенанттардың сақталуына және тұрақты кредиттік рейтингтерге қарамастан, мемлекеттік борышты басқаруды жетілдіру қажет. Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында көзделген қолданыстағы шектеулерді күшейту керек. Бюджеттің өз кірістеріне түсетін жүктемені, қарызды өтеуге жұмсалатын шығыстар көлемін және жаңа қарыздардағы қайта қаржыландыру үлесін ескеретін қосымша көрсеткіштер енгізілуі тиіс. Сондай-ақ қарыз тартудың тиімділігі өнімділіктің, экспорттың және салық түсімдерінің өсуіне ықпалы тұрғысынан бағалануы қажет, – деді бас аудитор.