Смайылов Аймағамбетов пен Саясат Нұрбекке нақты тапсырма берді
Үкімет отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету.Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.2021-ші жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді.Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектептер салу көзделген, - деді ол.
Смайылов атағандай, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінді.
Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алды.Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды. Жалпы, білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді, - деді ол.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын пысықтау бойынша барлық шараларды қабылдауы тиіс екенін айтты.
Оны «Bilimdi Últ» ұлттық жобасымен жедел үйлестіру қажет. Жалпы «Bilimdi Últ» ұлттық жобасының жоспарланған барлық көрсеткіштеріне қол жеткізу керек. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігіне биылғы 1-ші қарашаға дейін мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырамын.Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтсын, - деді ол.
Смайылов атағандай, өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етуі керек.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, еліміздің өңірлік жетекші мемлекеттік университеттерінің базасында Академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтауды тапсырамын. Осы жұмысты үйлестіру және бақылау Ералы Лұқпанұлына жүктеледі, - деді ол.