«Смартфон тек TikTok көруге арналмаған»: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі цифрлық сервистердің дамуы және жасанды интеллектіні енгізу туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифингте журналист Мемлекет басшысының бұған дейін жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атағанын еске салып, цифрландыру мен жасанды интеллект азаматтардың күнделікті өміріне қаншалықты әсер етіп жатқанын сұрады.
Тоқаев цифрлық мемлекетті дамыту көптеген қызметті алуды айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті.
Өздеріңіз көріп отырсыздар: басқа елдермен салыстырғанда өміріміз едәуір жеңілдеді. Үйден шықпай-ақ бұрын көп уақытты қажет еткен, түрлі мекемелерге барып, табалдырығын тоздыруды талап еткен көптеген мәселені шеше аласыздар, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан цифрлық сервистер мемлекетінің қалыптасуындағы маңызды кезеңнен өтті. Енді жасанды интеллектіні іс жүзінде енгізуге басымдық беру қажет.
Цифрлық сервистер мемлекеті – өте маңызды әрі қажетті кезең. Қазір біз екінші кезеңге өтіп отырмыз. Үкіметке халықаралық келіссөздер жүргізіп, тұсаукесерлер өткізумен шектеліп қалмай, осы кезеңде ұзақ кідіріп қалмауды тапсырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент цифрлық технологиялар азаматтарға тек қолайлылық емес, нақты экономикалық пайда да әкелуі керек екенін атап өтті.
Смартфон – жай ғана ойыншық емес. Смартфон – TikTok-ты шексіз көруге арналған құрал ғана емес. Смартфон – ақша табуға мүмкіндік беретін құрал. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қатысты. Олар ауылдық жерде тұрып-ақ, заманауи технологияларды бизнесті жүргізу үшін пайдалана алады және пайдалануы керек, – деді ол.