Смартфон денсаулығыңыздың көмекшісіне айналады – вице-министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алқа отырысының қорытындысында көпсалалы медициналық ауруханалар салуды қолға алу туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжатты қағазсыз, цифрлық түрде жүргізуге өту туралы айтылды.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев еліміздің бірнеше өңірінде көпсалалы медициналық ауруханалар ашылатынын айтты.

"Бұл тұрғыда Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалалары бірінші санақта тұр. Себебі бұл жерлерде медициналық мекемелер жан-жақта шашыраңқы орналасқан. Науқастар үшін ары-бері сабылып жүру қиын, сондықтан биыл көпсалалы медициналық аурухана бойынша бірінші деңгейлі жұмыстарды бастаймыз", - деді Олжас Амангелдіұлы.

Сондай-ақ, ол медицина саласын цифрландыруға қатысты ойын айтты.

"Ең басты қиындық – дәрігерлердің практика жүзінде жұмыс істеуі, яғни біліктілігінің аздығы. Мысалы, компьютерлік жабдықтар мен интернет жүйесіне қатысты сұрақтарды шешу оңай. Негізгі мәселе - дәрігерлердің экожүйеде жұмыс істеу қабілеттігі. Бұл сұрақтар шешілмесе – компьютерлік жабдықтар мен интернет жүйесінің пайдасы жоқ", - дейді Олжас Әбішев.

Сондай-ақ, ол 2019 жылы Электрондық үкімет порталынан өз смартфонымызға электрондық медициналық құжатымызды көшіріп ала алатын болатынымызды айтты.

"Өз смартфоныңызға кіріп, денсаулық жағдайыңызға қатысты жалпы көрсеткішті көре алатын боласыздар. Электронды төлқұжатты ұялы телефоныңызға көшіріп қана қоймай, күніне қанша уақыт қозғалғаныңызға дейін анықтай аласыз және ол ақпарат сіздің дәрігеріңізге тікелей жетіп отырады. Пилоттық жоба жазда Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында жүзеге асады, өйткені осы қала тұрғындардың көбініі қолында смартфон бар", - дейді ол.

Бұл бағдарламаны смартфонға орнатқан кезде қай уақытта дәрігерге қаралу керек екеніңіз, қай уақытта скринингтен өту керектігіңіз және денсаулық жағдайыңызға қатысты басқа ақпараттар келіп тұрады.

"Бір сөзбен айтқанда – смартфон сіздің денспулық көмекшіңізге айналады", - дейді вице-министр.

Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ең басты міндет медициналық қызметтің сапасын арттыру, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысы ең жоғары болуы керектігін айтты.

Сонымен қатар, жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі жақсы дәрігер болу үшін студент кезден ауруханада жұмыс істеу керектігін атап өтті.

Зарина Әбілмәжінова

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы