Алматыдағы педиатрия орталығында "Smart School" сыныбы ашылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында стационарда жатқан науқас балалардың білім алуына арналған екінші "Smart School"  оқу сыныбы ашылды. 

Мамандардың айтуынша, бұл инновациялық оқу сыныбы ақ қан ауруына, онкологиялық дертке және сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған. Емделу ұзақ уақытты талап ететіндіктен, мұнда балалар жылдап жатады. Соған қарамастан енді, орталықта ем алып жатқан балалар емін үзбей, әрі қатарластарынан қалмай білімдерін  жетілдіріп отырады.

Балаларға үлкен қуаныш сыйлаған, кең, әсем де жарық сыныпты жасап, заман талабына сай жабдықтап берген демеушілерге, атсалысқан еріктілерге барша қауым атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Орталығымызда ашылып отырған екінші смарт-класстың  балалардың денсаулығын жақсартуға қосар үлесі мол болары сөзсіз- дейді Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.

"Smart School-2" сыныбы үш кабинеттен тұрады. Заманауи құралдармен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және жалпы пәндермен бірге, мектепке дейінгі бағдарламаны  оқып, бос уақыттарында ағылшын тілін үйреніп, шахмат, робототехника, конструктор құрау,  сурет салу сынды шығармашылық жұмыстармен де айналыса алады. 

Сондай-ақ, бұл сыныпта музыка мен ертегілердің көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Барлық сабақтар мен үйірмелер тегін жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы