Смағұл Елубай: Өзін-өзі сыйламаған елді өзге сыйлап не қылсын?!

«Ұлттық идеология және ...» жобасының кезекті қонағы жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сұхбатта жазушы қазақ неге өз-өзін танымай жатқанын, кім болғанын баяндады. Осы орайда, тарихи сананы қалыптастыруда зор маңызға ие тарихи фильмдерге бөлінетін қаражаттың қандай екенін, жыл сайын оған мемлекет бюджетінен қанша ақша бөліну керегін атады. Сұхбат барысында Смағұл Елубай «Жау жүрек мың бала», «Қазақ хандығы» сияқты бірқатар тарихи фильмдерді талдап, қазаққа тарихтың қай кезеңіндегі қандай кейіпкерлерге фильм түсіру керегін айтты.  

Сонымен қатар, кинодраматург киноның тағдырын шешетін қос тұлғаны атап, қазіргі кино мамандарының ақсап жатқан тұсын жеткізді. Кинопрокат мәселесін де қозғап, қазақ киносына прайм-таймды бермеудің себебін түсіндірді. 

Сұхбат соңында Смағұл Елубай қазақ қоғамындағы орыс тілінің үстемдігін, қазақ тілін ағылшын тілі ысырып жатқанын «Өзін сыйламаған елді кім сыйлайды?» деп ашына айтты.   

Еске салайық, жазушы ҚазМУ-дың Журналистика факультетін бітіріп, Мәскеудегі сценаристер дайындайтын жоғарғы курсты тамамдаған. Еңбек жолында «Қазақфильм» киностудиясында басшылық қызметтерде болып, 9 жыл Прагада «Азаттық радиосының» журналисі болып та қызмет еткен. Ал 2010 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры.

Смағұл Елубаймен сұхбат сол академияның ауласында өтті. Биыл 75-ке келген қайраткердің қазаққа айтқан өсиетін төмендегі сілтеме арқылы тамашалай аласыз.     

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы