Словакияда саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланды

Словакияға жұмыс сапары аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Словак Республикасы Сыртқы және еуропалық істер министрі Растислав Качердің қабылдауында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

СЕІМ Мемлекеттік хатшысы Ингрид Броцковамен келіссөздер өткізді, сондай-ақ Қазақстандағы саяси реформаларға арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі.

Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрлігінде екіжақты қарым-қатынастардың жағдайы мен келешегі, сондай-ақ екі елдің халықаралық платформалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстан басшылығының саяси жаңғырту мен әлеуметтік-экономикалық қайта құрудың кең ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шараларына ерекше назар аударылды.

Р.Василенко Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Словакия сыртқы саяси ведомствосының басшысына таяуда жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтауын жеткізіп, соңғы жылдардағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары серпінін атап өтті. Қарым-қатынастарды дамыту қарқынын одан әрі арттыру ниетін қуаттай отырып, Р.Качер Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат мәселелеріндегі маңызды рөлін атап өтті. Сұхбаттастар қорғаныс өнеркәсібі, машина жасау, IT, фармацевтика, баламалы энергетика және туризм салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын ерекше атап өтті.

Р.Василенко мен И.Броцкованың есте қаларлық дата – дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңындағы келіссөздерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету маңыздылығы атап өтілді. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажеттігі баса айтылды. Парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, сондай-ақ іскерлік, мәдени және білім беру саласындағы алмасуларды кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.

Сапар барысында Р.Василенко Словакияның үкіметтік және парламенттік орталарының, білім мен ғылымның, министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ талдау институттарының көрнекті өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстандағы саяси реформаларға арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломат Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған елеміздегі мемлекеттік реформалардың эволюциясы – ел басшылығының жүйелі саяси жаңғыртуға, парламентаризм мен көппартиялылықты нығайтуға арналған бағыты туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Р. Василенко іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған бастамалары туралы хабардар етті және «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» президенттік формуланың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, Қазақстанның демократияландыру мен адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудың дәйекті жолындағы табыстарын атап өтті. Өткен жылы Қазақстанға екі рет келген Словакия Халық Радасының (Парламентінің) Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Кери атап өткендей, еліміз өңірдің тұрақтылығы мен орнықты дамуының, сондай-ақ Словакиямен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың кепілі болып табылатын батыл қайта құрулар жолымен дәйекті түрде жүріп келеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың ерекше назары Қазақстан мен Ескі әлем арасындағы көліктік-логистикалық байланыстарды дамыту перспективалары, атап айтқанда, Қытайдан Еуропаға дейін «Орталық дәліз» деп аталатын жолдың әлеуетін барынша арттыру тұрғысына түсті. Талқылау соңында қатысушылар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестіктің болашағы туралы пікір алмасты.

Сол күні Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко Қазақстан Республикасының Словакиядағы елшілігінің жаңа кеңсесінің ашылу салтанатына да қатысты. Дипломат елшіліктің жаңа кеңсесінің ашылуы екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы