Қазақстан мен Словакия әріптестігінің жаңа кезеңі сөз болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Globsec» 15-ші халықаралық форумына қатысу шеңберінде Словакияның сыртқы және еуропалық істер Министрі Иван Корчокпен және Қорғаныс министрі Ярослав Надьпен келіссөздер жүргізді.
Тараптар қатынастардың жаңа кезеңінде, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім шеңберінде серіктестікті одан әрі арттыруға және кеңейтуге өзара дайындығын білдірді.
СІМ басшылары БҰҰ мен ЕҚЫҰ шеңберіндегі екіжақты және көпжақты тректердегі саяси диалогты және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын егжей-тегжейлі талқылады. Сұхбаттысушылар экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) белсенді жұмысын, екі мемлекет арасында Іскерлік кеңес құру және бизнес-делегациялармен алмасу идеясын қолдай отырып, осындай өзара іс-қимылдың зор және әлі толық іске асырылмаған әлеуетінің бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар KazAID және SlovakAID дамытуға көмек агенттіктері арасындағы ынтымақтастықтың келешегін белгіледі.
Қорғаныс министрі Я. Надьпен кездесуде тараптар тиісті үкіметаралық келісім құқықтық негізді қамтамасыз ететін әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты талқылады. Қазақстандық бітімгерлерді даярлау саласында тәжірибе алмасу, олардың БҰҰ аясында бітімгершілік операцияларына қатысуын кеңейту мәселелері қаралды. Сондай- ақ, қорғаныс ведомстволары мен компаниялардың басшыларына қару-жарақ пен әскери техниканың екі мамандандырылған көрмесіне – IDEB 2021 және KADEX 2021 қатысуға өзара шақыру айтылды, олар тиісінше келесі жылдың наурыз және маусымында Братислава мен Нұр-Сұлтанда өтуі тиіс.
Сонымен қатар, Министр М. Тілеуберді Словакияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті, оның барысында бизнесмендер Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықта словак капиталының қатысуымен 40-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл екі елдің іскер топтарының өзара қызығушылығының маңызды индикаторы болып табылады.
Экономикалық өзара іс-қимылдың перспективті бағыттары ретінде машина жасау, қорғаныс индустриясы, инжиниринг және инфрақұрылымдық даму, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика, озық цифрлық технологиялар және оларды Индустрия 4.0 құру процесінде енгізу белгіленді.
Сапар барысында шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және ҮАК шешімдерін іске асыру шеңберінде тиісті ведомстволардың ынтымақтастығы туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар су және орман шаруашылығы саласында, сондай-ақ туризм саласында өзара тиімді негізде ынтымақтасатын болады.
Қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысының Братиславаға сапары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың және саяси диалогты нығайтудың жаңа жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы әріптестіктің жаңа кезеңінің басталуын білдірді.
Екі күн бойы өткен «Globsec» форумы аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Болгария Премьер-Министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі Екатерина Захариевамен, Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен және Украинаның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Эминэ Джапаровамен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, Министр М. Тілеуберді БҰҰ Ливан жөніндегі Арнайы үйлестірушісі Ян Кубишпен кездесіп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында жариялаған бастамаларын талқылады.
Мазмұнды кездесулер барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың, коронавирустық пандемияға бірлескен қарсы тұрудың және БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ және Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі сияқты халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.