Скутер тізгіндеген екі оқушы камаздың астына түсіп, қаза болды
Қайғылы оқиға 5 маусымда сағат 17:00 шамасында Павлодар облысы Қабанбай батыр ауылы маңындағы "Кенжекөл-Ақсу" трассасының 12-шақырымында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Скутердегі 9-сынып оқушысы рөлге ие бола алмай жолдың оң жағында тұрған «Казавтодор» ЖШС камазымен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан скутер жолаушысы, 9-сынып оқитын бала алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Жамбас сүйегі сынған, бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған, маңдай сүйегі сынған скутер жүргізушісі Павлодар облысының бірінші қалалық ауруханасына жеткізілді. Алайда жасөспірім жансақтау бөлімінде қаза болған.
Қазір камаз бен скутер айып тұрағына қойылды.
Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Скутердің кәмелетке толмаған жүргізушісі мен жолаушысы қаза болған "Павлодар-Ақсу" автожолындағы жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды, - делінген хабарламада.