Скрининг – сүт безі обырын ерте сатыда анықтаудың бірден-бір жолы – дәрігер
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы жиырма жылда қатерлі ісік аурулары көбейген. Кейінгі кездері өкпе, асқазан рак ауруларымен қатар, омырау қатерлі ісігі де көп тіркелетін өлімнің басты себебіне айналуда. 2018 жылғы статистика бойынша, Қазақстан сүт безі қатерлі ісігі ең көп тараған елдердің тізімінде алға шыққан.
Бұл туралы Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының маммолог дәрігері Жұмабай Құрышбаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, зерделеу жұмыстары қатерлі ісіктің бұл түрінің күрт артуына ана сүтінің азаюы, мезгілсіз суалуы, яғни жас аналардың бала емізуді қиынсынып, нәрестеге дайын «жасанды» тамақ беруге әуестенуі, бәрі-бәрі табиғи болмысқа қарама-қайшылық әкеліп, ана денсаулығына кері әсер етіп жатқанын көрсетіп отыр. Содан да болар, қазір әйелдер арасында сүт безі ауруының салдарынан ажалдың «тырнағына» ілініп, жарық дүниемен қоштасқандары, ауырып, жаны қиналып жүргендері аз емес.
Жамбыл облысында соңғы 9 айда 115 әйел осы ауруға шалдыққаны анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 2 пайызға төмен болғанымен, осынша науқас үміттен гөрі, үрейге бой алдырып, ем іздеп, әлекке түсіп жүргенінің өзі өкінішті. Жалпы жоспар бойынша келер жылы 50 мен 60 жас аралығындағы 53 907 әйел сүт безі обырының алдын алу бойынша скринингтік тексеруден өтуі тиіс. Биылдың өзінде 40 617 тұрғын тексеріліп, 2 979-ы сүт безі обырының белгісімен диспансерлік есепке алынды, - деді маммолог дәрігер.
Жауапты маман дертті алғашқы сатысында анықтау мақсатында тұрғындарға тегін скринингтік зерттеулерден өтуге кеңес берілетінін еске салды. Емханалардағы учаскелік дәрігерлер әйелдерді кезең-кезеңімен тексеру үшін емдеу мекемесіне шақыртып жатады. Дегенмен соны біле тұра, өз еркімен келіп, тегін тексерілуге құлықсыз аналардың көптігі көңіл құлазытады.
Онколог дәрігерлер де дерт ертерек анықталса, оның емі нәтижелі болады дейді. Ем шараларын неғұрлым тезірек бастаса, қатерлі дерттен айығу үшін омырауды алып тастаудың қажеттілігі туындамайды. Тіпті, солай болған жағдайда, оны қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Сондықтан уақытылы дәрігерге қаралып тұрған абзал. Сүт безі обырын анықтау тәсілдері қазіргі таңда дамыған медицина үшін еш қиын емес.
Қатерлі ісіктің қалай пайда болатынын дөп басып айту қиын. Оның пайда болғаны адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскенде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Ал оның пайда болуына созылмалы аурулар себеп болуы мүмкін. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс, - деп атап өтті Жұмабай Құрышбаев.
Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көбейіп кету себебі – дертті болдырмау үшін, ең алдымен, оның алдын алу және одан сақтану шараларын толық ұстана алмай жатқанымызда. Дегенмен болған дертті асқындырмауға толық мүмкіндік бар. Ол әйелдердің өздеріне тікелей байланысты. Қарапайым ғана тәсіл – әйелдер ай сайын омырауларын техникалық тұрғыдан тиянақты сипап отыруы керек. Егер түйін табылған жағдайда оның табиғатын анықтау үшін тез арада, міндетті түрде, маман дәрігерлерге көрініп, тексерілуі қажет.
Кез келген аурудың алдын алудың бір жолы – дер кезінде дәрігерге көріну болса, бұл дерттен сақтану – бұл түсінікті одан да әрі нақтылай түседі. Тек алдын алып, дер кезінде медициналық талдау-тексеру жасалған жағдайда ғана дертті асқандырмауға мүмкіндік артпақ. Сондықтан жас ерекшеліктеріне қарай өткізілетін скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор, - деді маммолог дәрігер.