Скрининг: Ақтөбелік жастардың үлесі қандай?
Ақтөбе облысында скринингтік тексерулерге келетін ауыл жастарының үлесі төмендеген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жыл басынан бері облыста тұрғындар өз емханаларына барып тексерулерден өтіп жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар облыстың 12 ауданында және Ақтөбе қаласындағы жалпы саны 44 медициналық мекемеде қарқынды түрде жүргізілуде.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әсия Тржанованың айтуынша, ақтөбеліктер жыл сайын скринингтен өтуде белсенділік танытып келеді.
Скринингтік зерттеулерге қазір еліміз бойынша, оның ішінде Ақтөбе облысында 30-дан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер қатысып жатыр. Скринингтік зерттеулердің түріне келсек, 30-70 жас аралығындағы тұрғындардан артериялық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, глаукома, жатыр мойны ауруларын , 40-70 жастағы әйелдер үшін сүт безін, 50-70 жастағылар үшін тік ішек және тоқ ішек обырларын, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау шаралары жүргізілуде. Ал 2022 жылдың қараша айынан бастап скрининг 18-70 жастағы ауыл халқының асқазан-ішек жолдарының ауруларын, бүйректің созылмалы ауруларын, 50-70 жастағылар арасында тыныс алу ағзаларының ауруларын, 55-70 жастағылар арасында қуықасты безі обырын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Скринингтік зерттеулерді өткізу қағидалары мен кезеңдері Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы №174/2020 бұйрығының 3-қосымшасында көрсетілген. Скринингтік зерттеу облысымыздың 44 алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін ұйымында халықтың тіркелімі бойынша жүргізіледі, — дейді ол.
Соңғы кезде өңірде скринингтік тексерулерге келетін ауыл жастарының үлесі төмендеген. Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Жамбыл Жайлыбаевтың айуынша, биыл 18-29 жас аралығындағы 1772 жас жүрек қан-тамыр ауруларына скринингтен өтуі тиіс. Алайда үш айдың ішінде оның 213-і ғана тексеруден өткен. Сондай-ақ ауданда глаукома мен қант диабеті ауруларын ерте анықтау үшін скринингтен 1772 жас өтуі керек. Қазір олардың ішінде 250-300 жас қана өз денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, мамандардың «көмегіне» жүгінген. Бұл жерде айта кету керек, аталған скринингтен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелгендер ғана өте алады.
Жалпы ауыл тұрғындарының қала азаматтарына қарағанда ауруларды ерте анықтауға арналған тексерулерге қатысуда белсенділігі төмендеу. Бұған себеп, алдымен, елді мекен тұрғындарының өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан болса, екіншіден, көп адамның тексерулерге мүмкіндігі бола бермейді. Ал жастарға келсек, 18-29 жас аралығындағы ауыл жастары тексерулерге уақытылы келмейді. Ауруханада дәрігерлері мен медбикелері әрбір жасқа тікелей ескерту жасаса да, әлі де олардың үлесі аз. Осы орайда қазір біз ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізіп жатырмыз, — дейді ол.
Ауданның бас дәрігерінің айтуынша, сондай-ақ қазір елді мекендерде бірқатар мамандар тапшылығы да байқалады. Мәселен, аталған ауданда уролог, гастроэнтеролог, кардиолог дәгігерлер тапшы. Сондай-ақ ауданда сүт безі обырын анықтауға арналған маммографиялық аппарат та жоқ. Қазір аурухана мамандары жеке медициналық ұйымдардың «көмегіне» мұқтаж болып отыр. Ал бұл скринингтік тексеру шараларын ұйымдастыруда өте маңызды.
Ал Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың скринингтік кабинетінің терапевт-дәрігері Алатау Ақтановтың айтуынша, қала халқы мұндай тексерулерден қалмауға тырысады. Себебі ақтөбеліктер ауруды ерте анықтау әрбір адамның денсаулығы үшін өте маңызды екенін жақсы түсінеді.
Скринингтік тексерулер — аурулардың алдын алу кепілі. Бұл — жыл сайын белгілі бір жас санатындағы адамдарға жүргізілетін медициналық тексерулер немесе талдаулар жиынтығы. Негізінен, бүгінде скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізілуде. Қазіргі таңда біздің емхана бойынша 30-70 жас аралығындағы 760-тан астам әйел жатыр мойны обырын ерте анықтау бойынша тексеруден өтсе, сүт безі обыры бойынша 1260 адам талдау тапсырған. Жалпы биыл емхана бойынша 2940 адам жатыр мойны, 3665 әйел сүт безі обырына тексерулерден өтуі керек. Ал тік және тоқ ішек обырын ерте анықтауда 50-70 жастағы адамдар екі жылда бір рет скринингтен өтуге тиіс. Биылғы жоспар 3679 болса, бүгінге дейін оның 1139-ы тексерулерден өтіп үлгерген. Осылардың ішінде жаман ауру анықталған бір науқас бар. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілетін болады, — дейді ол.
Сондай-ақ биыл жыл басынан бері №2 қалалық емханада 1400-ден астам адам жүрек қан тамырларына аурулары, 1712 тұрғын қант диабеті, 1714 адам глаукома ауруын ерте анықтау үшін скринингтен өткен. Бұл биылғы жоспардың 25-30 пайызын құрайды.
Глаукома ауруы қазір көбейіп барады. Көз — адамның жанары, сондықтан екі жылда бір рет кез келген адам көзін тексеріп отыруы керек. Қазір балалар арасында да көз ауруы көбеюде. Оның басты себебі компьютер мен телефонды көп пайдаланудан болып отыр, — дейді маман.
Айта кету керек, биыл еліміз бойынша скрининг қалада тұратын 30 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау үшін жүргізілсе, ауыл тұрғындары, оның ішінде 18-29 аралығындағы жастар артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, ал 18-70 жас аралығындағы азаматтар асқазан-ішек жолдары, созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау үшін тексерулерден өтуге міндетті. Бұдан бөлек, ауыл-аймақтағы 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер тыныс алу органдарының ауруларын, 55-70 жас аралығындағы ер адамдар қуық асты безінің қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында зерттеулерден өтуі керек.