СҚО-да «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты жұмыс істейді
Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл ұйым Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан 2018 жылы құрылған.
Осыған орай, институт директоры Зәуре Қартованы әңгімеге тартқан едік.
Зәуре Кеңесқызы, бұл институтты құрудағы басты мақсат қандай?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге жаңа мақсат пен міндет қойып отыр. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде де бағдарламаның барлық бағытын жүзеге асыру барысында біраз шаруа атқарылды. Жалпы, біздің «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты мемлекеттік бағдарламаны екі бағытта жүзеге асырып жатыр. Бірінші кезеңі студенттерді түрлі іс-шараларға тартып, бағдарламаның концептуалдық идеяларын кеңінен насихаттайды. Бұл бағытта жыл сайын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негіздерін жүзеге асыруды көздейтін іс-шаралар жоспары құрылады. Оны құру кезінде әлеуметтік және өркениеттік әдістемелік тәсілдер басшылықа алынды. Өйткені, қоғамдық сананың жаңғыруы дегеніміз алдымен социомәдени жүйе саналатын жұмыстар. Оның аясында 6 бағыт бойынша 17 арнайы жобаны жүзеге асыру көзделген. Оларға университеттегі барлық факультет, тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті, Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы қатысады.
- Қандай шаралар ұйымдастырдыңыздар?
- Тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тілге қызығушылықты арттыру бойынша бағыттағы жұмыстар басты назарда. Осы бағытта 450-ден астам студенттің атсалысуымен университетішілік көптеген шара өтті.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша шәкірттердің білім алуына жағдай жасау қарастырылған. Аталған шаралардың көздегені гуманитарлық бағыттағы мамандарды әзірлеу. Биыл, 7 іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, «Бірегей гуманитарлық кітапхана: 100 жаңа оқулық жобасы» оқу конференциясы, «Кітап – рухани байлық бұлағы» көрмесі өтті. Сонымен қатар 100 жаңа оқулықты оқу үрдісіне кіргізудің жоспары құрылды. Біздің университетімізге осы жоба аясында 14 923 кітап келіп түсті.
«Туған жер», «Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы» бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары, Қазақстан тарихын, мәдени дәстүрлер мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шаралар өткізіп жатырмыз. Өскелең ұрпаққа біздің өңір жайлы толық әрі терең білім алуға көмектесу көзделіп отыр. Оған Ботай, Долматов, Ақ-Ирий қоныстары сияқты археологиялық ескерткіштер, халықтың этноәлеуметтік және этносаяси шежіресі, өлкеміздің тарихи тұлғалары, киелі жерлер географиясымен таныстыру арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл шараларды өткізу барысында өлкетану білімін жетілдіру, аталған бағыттағы негізгі білім беру материалдарын әзірлеу және оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсаты қойылған. Бұған қоса, өлкетану бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу, ішкі тарихи-өлкетану туризмін дамытуды жоспарлап отырмыз. Институт қабырғасында осы мақсатта «Менің қалам, менің ауылым» деп аталатын бейнероликтер байқауы, «Ауыл – ел бесігі» семинары, «Біз – Қазақстан балаларымыз» деген жастар флешмобы, «Туған жер: Қазақстан мен шекаралас елдердің табиғи ескерткіштері» атты дөңгелек үстел сияқты шаралар ұйымдастырылады.
- Қазіргі таңда жаһандану деген ұғым бар, еліміздің әлемдік аренада танымал болуына үлес қосатын жобалар қалай жүзеге асып жатыр?
- «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты қазіргі заманда ұлттық мәдениетіміз бен қазақ халқының бірегейлігін сақтап қалуды негізге алады. Сондықтан жоспарымызда негізгі түсініктерді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді, тілді, әдебиетті, музыканы сақтау және кеңінен қолдану мен таныту шаралары қарастырылып, сол арқылы ұлттық рухты қалыптастыру мақсатын ұстанамыз. Оған қол жеткізу үшін студенттер арасында «Қазақстан халқы әндерінің аранжировкасы» олимпиадасы, жеті факультетте «Мен тұратын ел» тақырыбындағы салт-дәстүрлерге арналған кураторлық сағаттар, «Білім беру – болашаққа бағдар» атты жаhандану кезіндегі кәсіби білімнің маңыздылығына арналған конференция ұйымдастырылды. «100 жаңа есім» бағыты болса қазіргі Қазақстанның белсенді өкілдерін анықтап, олардың жетістіктерін насихаттауды мақсат тұтады. Университет факультеттерінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жеңімпаздарымен, еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізіліп тұрады. Ал, жастар арасында «СҚУ-дің 100 үздік студенті» жалпы университеттік байқауын өткізу дәстүрге айналған.
- Студенттер ғана емес, түрлі іс-шараларға профессорлық-оқытушылық құрамды да қатыстырасыздар ғой?!
- Иә, дұрыс айтасыз. «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институты өткізетін шаралардың екінші деңгейі – жобалық қызмет арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға жекелеген студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам өкілдерін қатыстыруды көздейді. Ол қызмет үш бағыттан тұрады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті қаржыландыратын гранттық ғылыми жобалар, бастамашыл жобалар және шаруашылық жобалар. Қазіргі уақытта ғылыми комитеттің 5 миллион теңгелік гранты аясында «Алтын орданың» негіздерін зерттеуге бағытталған жоба іске асуда.
Ал 2020-2022 жылдары жүзеге асатын «Қызылжардың ұлы тұлғалары» жобасы бірнеше кезеңді қамтиды. Бірінші өңірдің ұлы тұлғаларының тізімі жасалады. Кейін олардың есімдері мен олар жайлы мәлімет ғылыми қызметте және қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауда қолданылады. Үшінші кезеңде олар жайлы материалдар жүйеленіп, энциклопедияға енгізілген ақпарат оқу процессіне қолданылады. Соңғы кезеңде ХVIII-XX ғасырларда өлкемізде өмір сүрген бабаларымыздың өмірі мен қызметімен таныстыратын кешенді жоспар қарастырылған. Оның қорытындысы ретінде Солтүстік Қазақстанның ұлы тұлғаларының электронды базасы құрастырылады.
- Тек адамдар ғана емес, жер-су атауларына байланысты қандай жұмыстар бар?
- Соңғы бес жылдың ішінде этномәдени зерттеулер орталығы «Солтүстік Қазақстанның топонимикасы және ономастикасы» жобасымен айналысып жатыр. Жобаның мақсаты – өлкедегі елді мекендердің бұрынғы және географиялық атауларын қалпына келтіру. Оның нәтижесінде ауылдардың, елді мекендер мен көлдердің бастапқы атаулары көрсетілген карталар әзірленіп, басып шығарылады. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның солтүстік өңірінің тарихы мен мәдениетін кешенді зерттеу» жобасы қолға алынып, жұмыстар жүріп жатыр.
Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірыңғай жүйелі жұмыстарды қарастырған абзал. Өзара байланысы жоқ іс-шаралар мен даурықпалы науқаншылдыққа жол берілмеуі керек. Әсіресе, студенттерге арнап өткізілетін байқау, флешмоб, акциялардың дені бір рет қана өткізілетіндіктен, бағдарламаның негізгі құндылықтарын меңгеруге мүмкіндік бермейді, тіпті оның беделін түсіреді. Осыған орай, университет оқытушыларының ғылыми - сараптамалық мүмкіндіктерін шама келгенше пайдалану керек. Ғаламтор мен әлеуметтік желілер жастардың негізгі ақпарат көзі екенін ескере отырып, университеттердің сайттары мен интернет-қоғамдастықтар негізгі коммуникациялық арналар мен алаңдарға айналуы тиіс. Бағдарлама аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін «Рухани жаңғыру» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер институтының негізінде жобаларды ұсыну, таныстыру, талқылау, жүзеге асыру үшін онлайн сауалнамалар өткізетін алаң қалыптастыру керек. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде жаңаша бағалау шарттары мен тәсілдері және бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы өзгерістер үнемі есепке алынып отыруы керек. Бұл міндеттерге үшін өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ресурстық орталықтар сияқты азаматтық қоғамдағы барлық институттардың, белсенді адамдардың бірлесіп әрекет еткенде ғана қол жеткізе аламыз.
-Әңгімеңізге рахмет!