СҚО-да өткен айда кәмелетке толмаған 319 бала полицияға жеткізілді
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері ювеналдық полиция өкілдері 60-тан астам рейд өткізді.
Түнгі уақытта жасөспірімдерді қараусыз жіберген 210 адам жауапкершілікке тартылды.
Нәтижесінде түнгі сағат 23:00-ден кейін қараусыз жүрген 300-ден аса бала анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың ата-аналарына қараусыз жүрудің салдары түсіндіріліп, үйге жіберді.
Осы бір айда түрлі құқық бұзушылық жасаған 8 бала есепке қойылды. Ал, облыс бойынша ондай жеткіншектердің саны 190-нан асады.
Петропавл қаласының полиция басқармасы осындай рейдтерді әрбір демалыс күндері өткізіп тұрады. Есепте тұрған азаматтар тексеріледі. Аталмыш рейдтер сағат 23:00-ден кейін үй-жайдан тыс, алкогольдік масаң күйде жүрген жасөспірімдерді анықтауға бағытталған, - дейді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Мария Кузнецова.
Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу тек жасөспірімдердің арасында ғана емес, мұндай жұмыстар ата-аналар арасында да өткізіледі екен.
Көшелердегі рейдтерден бөлек сақшылар тәртібі нашар отбасыларға тұрғылықты мекенжайлары бойынша барады.
Жыл басынан кәмелетке толмаған балаларына тиісті тәрбие бермей, немқұрайлы қарағаны үшін облыста 82 ата-ана жауапқа тартылып, тәртібі нашар 16 бала есепке қойылды.