СҚО-да 32 мотоциклші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.СҚО-да 32 мотоциклші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдың орталық көшелерінің, сондай-ақ қала маңындағы ауылдардың тұрғындары мотоциклистердің түнгі жарыстарына шағымданып тұрады. Бұл терезелерін ашып қойып ұйықтайтын жаздың түндері үдей түседі. Балалар, қарттар мен жұмыс істейтін ересектер – барлығына толыққанды демалу қажет, ал мотоциклдердің дүрілі түнгі тыныштықты бұзады, әсіресе кішкентай балалар мен қарттардың мазасын алады.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың сөзінше, патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын мотокөлік құралдарының жүргізушілері тараптарынан жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға бағдарланған. Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті биылғы жылы байкерлер клубы өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді, оның барысында Жол жүрісі ережелерін бұзу фактілеріне жол бермеу бойынша талаптар белгіленді. Әсіресе – алкогольдік масаң күйде көлік құралын тізгіндемеу, жылдамдық режимін асырмау және де түнгі уақытта тыныштықты бұзбау.
Жыл басынан облыс жолдарында 32 мотоциклист әкімшілік жауапкершілікке тартылды, мотокөліктің 25 бірлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Аталған бағыттағы жұмыс күн сайын бақылауда, – деп атап өтті Айдын Байматов.