СҚО-да қой шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарлама қабылданды
Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Бағдарлама аясында 10 жылда қой санын 1,6 миллионға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облыстың кәсіпкерлер палатасы мен «Shopan-ata» қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығымен бірлескен жобасын өңір әкімі Құмар Ақсақалов мақұлдап, барынша қолдау көрсетуге уәде берді.
Қазіргі күні өңірде 207 шаруашылық қой өсірумен айналысады. Оның тек бірнешеуі ғана асыл тұқымдыларын ұстайды. Олар болашақта малды көбейтуге ниетті. Біз оларға жайылым жер мен жем-азық өсіретін алқаптар алуға мүмкіндік жасаймыз, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңірлік жобаның тұсаукесер рәсіміне өңірдегі қой өсіретін шаруашылықтарының иелері, қаржылық ұйым басшылары мен аудан әкімдері және атқарушы орган өкілдері қатысты.
Бұл бағдарлама 10 жылға арналған. 1,6 миллионға жеткізу үшін қазіргі мал санын 3 есеге көбейтуді көздейді. Оны жүзеге асыру ірі агроқұрылымдар мен 20 мыңға тарта қосалқы шаруашылықтарды жұмысқа тартуды қажет етеді. Бұл істің болашағы зор. Қой етінің килограмын 5,5 АҚШ долларынан, яғни, 2300 теңгеден экспорттауға болады. Бұған қоса ішкі нарықты да арзан әрі сапалы етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Ең бастысы ет өңдейтін кәсіпорындар мен бордақылау фермалары мен асыл тұқымды қой өсіретін орталықтар құрылады, - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының атқарушы директоры Ербол Есенеев.
Жалпы, өңірде қой саны жылдан жылға көбейіп келеді. Өткен жылы 8 пайызға, яғни, 28 мыңға артқан. Осы қарқынды тоқтатпай, әрі қарай дамыта беру керек деді жиналғандар. Ол үшін екі бағытқа басымдық берілмек. Біріншісі ірі шаруашылықтарға тауарлық несие беру болса, екіншісі кішігірім шаруашылықтарға өз жерінде 50-ден 100-ге дейін қой ұстауға мүмкіндік жасау.
Қазіргі күні жобаны қаржыландырудың механизмдері қарастырылып жатыр. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 пайыздық үстемемен 7 жылға жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2-4 пайызбен мал сатып алуға арналған тауарлық несие береді. Бұл несиенің тиімділігі өтеу мерзіміне 1 жылдан кем емес уақытқа демалыс беріледі.
Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан «Атамекен-Қызылжар» шағын қаржы орталығы құрылып, «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне үстемесі 6 пайыздан аспайтын 7 жылға арналған жеңілдетілген несие беру жағы да мүмкін болмақ. Осылайша, теріскейде қой шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынбақ.