Скляр: АЭС – қуат көзі ғана емес, отандық бизнеске берілетін мүмкіндік
Қазақстанда салынатын атом электр станциялары қуат көзі ғана емес, отандық бизнеске де жол ашатын мүмкіндік алаңына айналуға тиіс. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Росатом» компаниясымен консорциум құрамында жұмыс істеуге қалған үш шетелдік вендердің нешеуі бүгінге дейін өтініш берді? АЭС құрылысына қазақстандық құрылыс, логистикалық, инженерлік компаниялар қатыса ма?» деп сұрады БАҚ өкілдері Үкімет мүшелерінен.
Атом энергетикасы агенттігі «Атом станциялары» ЖШС-мен бірігіп өткізген тендерге қатысты айтар болсам, бірінші орынды – ресейлік «Росатом», екінші орынды – қытайлық «CNNC», үшінші орынды француз және корей компаниялары иеленгені белгілі. Үздік технологияларды «Росатом» ұсынды. Алайда шын мәнінде алда тұрған міндет көп. Құрылыс кезеңінде құрылыс материалдарын, жабдықтарын, металдар өндіретін қазақстандық компаниялардың қамтылуы шарт, - деп атап өтті Роман Скляр.
Сондай-ақ ол қазақстандық құрылыс секторының жоба құрылысына қатысуына қатысты айтты.
Қазақстандық құрылыс компаниялары өте дамыған. Жоғары әлеуетке ие, құрылысқа барынша жұмыла кірісетін компаниялар бар. Құрылыстың мерзімі ұзақ, қаражат та қомақты. Сондықтан бұл мәселемен тапсырыс беруші «Атом электр станциялары» ЖШС үнемі айналысады. Біздің материалдарымызды өндіруші консорциумды қазір ресейлік тарап әзірлеп жатыр. Бұл жұмысқа Үкімет те қосыламыз. Нәтижесі біздің бизнесті құратындай болады деп күтеміз. АЭС-тен тек электр энергиясын ғана алу дұрыс емес. Бұл біздің үлкен басымдығымыз. Мүмкіндікті қазақстандық бизнестің жұмылып жұмыс істеуіне барынша қолдануымыз қажет, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.