Әскери жиынға қатысушы жұмыссыз болса, жалақы төленеді
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жарлығына сәйкес барлық аймақта шақыру, қабылдау, іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Шымкентте алғашқы 100 азамат әскери жиынға қатысуын бастады. Осы орайда Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Алмаз Тілеухановпен сұхбаттасып, президент жарлығына сәйкес, әскери жиындарға кімдер шақырылғанын және шақыру қалай жүргізілетінін білдік.
"19-40 жастағы азаматтарға басымдық береміз"
Алмаз Тілеухановтың айтуынша, Шымкентте әскери жиынға қатысу үшін өтініш тапсырған азаматтар көп. Әскери міндеттілер қоғамдағы болып жатқан індетпен күресу, еліміздің жарқын болашағы үшін барлық атқарылар жұмыстарға дайын екені патриоттық рухтағы тәрбиенің халқына деген сүйіспеншілік пен құрметін байқатады екен.
Арнайы жиындарға қатысу – әрбір әскери міндеттінің қасиетті борышы. Еліміз үшін қиын уақытта патриотизмін көрсетуі әрі танытуы екенін атап өткім келеді,-дейді Алмаз Тілеуханов.
Оның сөзінше, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 42-бабына сәйкес, әскери міндеттілердің запаста болуының шекті жасы сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы қоса алғанда 50 жас дейін, ал офицерлер құрамы үшін қоса алғанда 60 жасқа дейін деп белгіленген.
Дегенмен біз жастарға, яғни жиынға шақырылғандардың ішінде 19-40 жас аралығындағы азаматтарға басымдық беріп жатырмыз. Өз еркімен барғысы келіп жатқандар да бар. Бұл арнайы жиындардың ерекшелігі – шақырылған азаматтар Шымкент қаласының аумағында қызмет етеді. Басқа өңірлерге жіберілмейді. Жиынға шақырылған әрбір азаматқа жеке-жеке қараймыз. Карантинге байланысты қызмет атқарып жатқан көп маман бар. Медицина, әкімшілік саласында, ұйымдастыру жұмыстарымен түрлі тапсырмаларды орындайтын сала мамандары көп. Сондықтан біз жұмыссыз жүрген немесе өз еркімен келген азаматтарға басымдық береміз. Егер азаматтың қазіргі жұмысы осы карантинге тікелей байланысты болса, біз сондай азаматтарды мәжбүрлемейміз. Бюджет саласындағы мамандар бара алады,-дейді департамент бастығы.
"Түсіндіру жұмыстарын қашықтан жүргізіп жатырмыз"
Оның түсіндіргеніндей, әскерге шақыратын адамдарды іздеу және анықтау жолдары да бар екен.
Есептік базаларымызда 60 жасқа дейін ер азаматтардың жеке мәліметтері бар. Дәл қазір сол адамдардың бәрімен телефон арқылы хабарласып жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарын да қашықтықтан жүргізіп отырмыз. Егер ертеңгі күні ол адамды шақырту керек болса, сол кісіге хабарласып немесе SMS-хабарлама жіберіп шақырамыз. Бұл жиын жергілікті басқару органдарының шешімімен өткізіледі. Қала әкімдігі азаматтарды қандай санаттағы, қандай мамандықтағы адамдарды қанша мерзімге шақыратынын жиын өткізу арқылы анықтайды. Өткізу мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Осы бағытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр,-дейді ол.
Коронавирус инфекциясының бар-жоғына тексереді
Әскери жиынға шақыртылатындарды медициналық тексеруден өткізеді. Яғни, жиындарға жібермес бұрын аудандық шақыру комиссияларының медициналық куәландыруынан өтеді. Коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтау үшін тексереді.
Қазір адамдарды топтастырмай, бір-бірімен жақын қашықта қарым-қатынаста болмауына тырысып жатырмыз. Қазір карантин кезінде көп мекеме уақытша жұмыс істемейді. Сондықтан да көп мәселелерді мекемелерге сұраныс арқылы жібереміз. Азаматтарды ары-бері сандалтпауға барынша тырысып, сақтық шараларын сақтап, жұмыс жүргізіп келеміз,-дейді Алмаз Тілеуханов.
Жалақысы сақталады
Департамент бастығы айтқанындай, әскери жиынға келген адам шақырылғанға дейін жұмыс істейтін азамат болса, онда жалақысынан айырылмайды.
Бізде айлық та зейнетақы да төленеді. Жұмыс орнынан қанша жалақы алып келсе, сол жалақысын бізден де алады. Осы тұста біраз түсінбеушіліктер орын алып жатыр. Мәселен, "жұмыс орнында алатын жалақысын жұмыс жерінен де, бізден де аламыз" деп түсінгендер бар екен. Бұл – қате. Бізге келген кезде жұмыс жеріндегі жалақасы тоқтатылып, сол көлемдегі айлық бізден беріледі. Әскери жиынға шақырылған азаматтардың жұмыс орны да, қызметі де сақталады. Жалақысы толық беріледі. Егер әскери жиынға шақырылғанға дейін жұмыссыз болса, онда мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы төленеді,-дейді Алмаз Тілеуханов.
Басқа өңірлерге жіберілмейді
Департамент бастығының сөзінше, жиын кезінде әскери міндеттілерді басқа облыс-қалаларға жібермейді.
Әскери жиынға шақыртылғандар бақылау-өткізу пунктінде, маңызды нысанда күзету жұмыстарына, дезинфекциялауға, тәртіп сақтау шараларына қатысады. Әрбір азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша шақыртылады,-дейді Алмаз Тілеуханов.
Шақыру пунктіне келмейтіндерге айыппұл салынады.
Егер біздің шақыру қағаздарымен, шақыруларымызбен келмейтін болса, онда әскери жиындардан жалтарғаны үшін ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 648 бабы 2 тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін-деді Алмаз Тілеуханов.
100 азамат іріктелді
14 сәуірде Шымкентте алғашқы 100 азамат әскери жиынға қатысуын бастады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбековтың айтуынша, бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алыныпты.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментіне 200-ге жуық азаматтан өтініш қабылданды. Тексерулер нәтижесінде 100 азамат іріктелді. Оларды Шымкент қаласының 4 ауданына, атап айтқанда Қаратау, Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аудандарына 25 азаматтан бөлді. Олар сол аудандағы дезинфекция жұмыстарына қатысады. Басым бөлігі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Олар 13 сәуірден 14 мамырға дейін өздері бөлінген аумақта таңғы сағаттан 09:00-дан кешкі сағат 13:00-ге дейін дезинфекция, тазалық және тағы басқа жұмыстар істейді. Бұл үшін оларға ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық беріледі. Әскери жиынға қатысатындардың барып-келуі, тамағы мемлекет есебінен қарастырылған. Бір айға шақырылып отыр. Бір айдан кейін үйлеріне қайтады. Тағы да қажет болса, шақыру жалғасады. Тілек білдірушілер көп,-дейді Алмасбек Мамытбеков.
Шымкентте әскери жиынға шақыртылғандардың бірі - Айдос Заитов. Ол былтыр Алматыда жоғары оқу оқып, заңгер мамандығы дипломын алған. Төтенше жағдай кезінде әскери жиынға қатысу үшін өтініш беріпті.
Өз еркіммен әскери жиынға қатысуға өтініш бердім. Коронавирус пандемиясымен күресте мемлекетімізге шама-шарқымша көмек еткім келеді. Бұл індетпен бәріміз бірігіп күресуіміз керек. Отбасым да, туған-туыс, достарым да қолдады,-дейді Айдос Заитов.
Айта өтер бір жайт, осы арнайы жиынға шақыру тәртібі бойынша қандай да бір сұрақ туындаса, Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне (тел: 8 7252 55-81-29) хабарласып, жауабын біле алады.