Өскемендегі жас техниктер станциясы қайта жаңарды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде қайта жөндеуден өтіп, заманауи құрылғылармен жабдықталған жас техниктер орталығы ашылды.
Бүгінгі таңда алпысқа жуық үйірме жұмыс істейтін жас техниктер станциясы қосымша жеті үйірмемен толықты. Ұзақ уақыттан бері жаңартуды қажет етіп келе жатқан бұл орталық бұдан былай цифрланып, оқушыларға роботтехникасы сияқты салаларды меңгерте бастамақ.
«Зерек» креативті білім беру орталығы жыл сайын 700-ден астам оқушыға қосалқы білім берумен айналысады. Осылайша олардың бойында еңбек етуге деген қабілетті қалыптастырып, заманауи технологияларды мегертуге атсалысуда. Орталық директорының айтуынша, жас техниктер орталығы орналасқан ғимарат жарты ғасырдан астам уақыт бойына толық жөндеуден көрмеген екен. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ғимаратты толық жөндеуден өткізуге 87 млн теңге мөлшерінде мемлекеттен қаражат бөлінген.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасында Жас техниктер станциясы орналасқан ғимаратты жөндеуге және зертханаға арналған құрылғылар сатып алуға мемлекеттен қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда біз балаларды қашықтықтан және тікелей осында шақыру сияқты екі форматта оқытып жатырмыз. Осында келіп оқитындардың топтарында бала саны аз болады, яғни аптасына бір рет болатын үйірмелердегі бір топта бес баладан артық білім алмайды, - дейді «Зерек» орталығының директоры Ернар Жаркенбаев.