Өскеменде жыл соңына дейін 400 қоқыс алаңы қалпына келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскеменде жыл соңына дейін 400 қоқыс алаңы қайта жаңғыртылады. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
«Өткен жылы қала әкімінің күз маусымында өткен есеп беру кездесуінде қала тұрғындары аулалардағы қоқыс контейнерлері мен алаңқайларын жаңарту жөнінде ұсыныс берген еді. Биыл осы жұмысты қолға алуды ұйғардық. Жалпы, қала бойынша мұндай 499 алаң бар. Соңғы рет олар 10 жыл бұрын жөнделген болатын, - деді Қаладағы құрылыс нысандарын аралаған шаһар басшысы Жақсылық Омар.
Жаңартылатын алаңдар тұрғындар үшін де, қоқыс тасымалдайтын кәсіпорындар үшін де ыңғайлы болатынын алға тартқан ол биыл осындай 400 алаңқайдың қалпына келетірілетінін атап өтті. Әзірге мердігер мекеме 140 алаңқайды толық аяқтаған. Қала басшылығының айтуынша, қоқыс контейнерлері жаңартылатын аула тұрғындары өз кезегінде өзін-өзі басқару комитеттері арқылы олардың орнын да өзгерте алатын көрінеді.
«Төрт контейнерге арналған алаңқайды бір күнде, алты және сегіз контейнерлік орындарды бірнеше күн ішінде толық орнатамыз. Бір алаңқайдың бағасы біздің жасаған жеңілдіктерімізбен есептегенде 140-170 мың теңгені құрайды. Биыл жалпы сомасы 140 миллион теңгеге осындай 400 алаңқай жыл соңына дейін орнатылады. Дөңгелекті контейнерлері бар 60 қоқыс алаңқайларының төбесі жабық болып істеледі», - деді «Кaz MP» ЖШС өкілдері.