Өскеменде жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық жарыс өтеді

Астана, baq.kz. 19 қаңтар күні Өскеменде жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакованың жүлделері сарапқа салынатын дәстүрлі халықаралық жарыс өтеді. Осымен бесінші рет ұйымдастырылатын спорттық шараға Еуропа елдерінің, сондай-ақ Түркия мен Қазақстанның спортшылары қатысады деп күтілуде. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлады.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың айтуынша, биылғы дода жоғары деңгейде өтеді.

«Жасырып қайтейін, биылғы дода мерейтойлы болғандықтан, оны бұрынғыдан да жоғары деңгейде өткізгіміз келеді. Қатысатын мемлекеттер саны әзірге белгісіз. Алайда, ниет білдірушілер көп. Дегенмен, турнирге кез-келген спортшы келіп қатыса алады деп айта алмаймын. Үміткерлер тізімін әзірлеген кезде олардың бұған дейінгі жарыстарда көрсеткен нәтижелеріне ерекше мән бердік. Жарысымызға ең үздік спортшылардың қатысқанын қалаймыз. Әрине, жаңа рекордтар тіркеледі деп үміттенеміз. Мәселен, былтырғы жарыста жеті бірдей рекорд орнатылған болатын», - деді Олимпиада чемпионы. 

Сонымен қатар, ол биылғы жарыс аясында «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының қолдауымен балалар арасындағы «Kids cup» жарысы өткізілетінін де мәлім етті. Сондай-ақ мерейтойлық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғаш рет арнайы медальдар табыс етілетіні белгілі болды.


Айта кетейік, Ольга Рыпакованың жүлделері сарапқа салынатын халықаралық жарыс облыс орталығындағы жеңіл атлетика манежінде өтпек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы