Өскеменде жаңа стационар ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласында қазан айының басында жаңа инфекциялық бөлім ашылады, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ведомствода пандемия себебімен бұрынғы жедел жәрдем ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары қысқа мерзімде аяқталғанын атап өтті. Бүгінде пластик терезелер мен есіктер жеткізілді. Гипсокартоннан дайындалған панельдерді монтаждау жұмыстары аяқталуда. Электр жарығымен жабдықтау 95 пайызға, вентиляция үшін ауа өткізу 75 пайызға орындалған.

Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау өте маңызды. Линолеум төсеп, жабдықтарды әкеліп, орнату, сондай-ақ ғимараттың сыртқы бөлігін өңдеу жұмыстарын аяқтау қалды, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Төртінші қалалық аурухана филиалының бірегейлігі – ондағы зерттеудің кең спектрі болатын ПТР-зертханалар. Бұл стационар сондай-ақ мобильді рентген аппараттармен және компьютерлік томографиямен жабдықталады. Ауыр жатқан науқастар үшін 15 төсек-орынға арналған жансақтау бөлімі дайындалады, онда жасанды тыныс алу аппараттары, мониторлар және басқа да емдеу-диагностикалық аппараттар қойылады.

Эпидемиологиялық жағдай жақсарған соң, инфекциялық бөлім Шығыс Қазақстан облысында тыныс алу органдарының ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеуге арналған пульмонологиялық орталығы болады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы