Өскеменде Төтенше жағдайлар қызметі арнайы техникаларын көрсетті
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласының Республика алаңында Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті арнайы техникалардың парадын өткізді.
Сондай-ақ азаматтық қорғаныс құрылымдарының құтқару құрылғыларымен таныстырды. Бұл күні алаңға жиналған тұрғындар арнайы техникаларға отырып, құтқару киімдерін киіп көруге мүмкіндік алды.
«Қазақстан Республикасы 1997 жылдан бері Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесі болып келеді. 1997 жылдың 21 қазанында Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына кіруі туралы» Заңы қабылданып, күшіне енген болатын. Бүгінгі таңда аталмыш ұйымға 53 ел мүше болып енген. 16 мемлекет бақылаушы, 15 ұйым қауымдастық мүше болып табылады. 1990 жылы белгіленген бүкіл әлемдік азаматтық қорғаныс күні Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымына мүше елдерде ұлттық құтқару қызметінің мәртебесін көтеру, азаматтық қорғаныс саласы бойынша білімді насихаттау мақсатында атап өтіледі. Бұл күнді атап өту үшін 1 наурыз текке таңдап алынған жоқ. Өйткені, дәл осы күні 18 мемлекет мақұлдаған Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының жарғысы күшіне енген болатын», - дейді ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары, майор Дәурен Ағажаев.
Бүгінгі сап түзеу «Басты міндетіміз — балаларды қорғау!» ұранымен өткізілді. Арнайы құтқару техникаларын тамашалауға облыс орталығындағы түрлі білім ордаларының бас-аяғы 1000-нан астам оқушылары мен студенттері жиналды.
Сондай-ақ бұл күні мамандар төтенше жағдай орын алғандағы құтқару жұмыстарының қалай жүргізілетінін көпшілікке көрсетті. Оқу-жаттығу мазмұны бойынша жол-көлік оқиғасы орын алып, бір көлікте адам «қыстырылып» қалған. Осы мезетте құтқарушылар мен апаттық медицина орталығының мамандары қоян-қолтық жұмыс істеп, қара темір арасында қыстырылып қалған адамды арнайы құрылғылармен босатып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сонан соң зардап шеккен адам реанимациялық автокөлікпен ауруханаға әкетілді. Осы сәтте оқиға орнында өз жұмыстарын өрт сөндірушілер бастады. Көк түтіні будақтаған көліктегі тілсіз жауды өрт сөндірушілер бірнеше минут ішінде ауыздықтады.
Шара соңында жиналған көпшілікке құтқару қызметінің арнайы көліктеріне отырып, сүңгуір киімін киіп көрулеріне мүмкіндік берілді. Облыстық ТЖД мамандары жастарды жұмысқа шақырып, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығын еліміздің қай оқу орындарынан алуға болатыны жөнінде хабарландыру жасады. Жалпы, бұл жолғы шараға облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Шығыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару отряды, Апаттық медицина орталығы, Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің мамандандырылған отряды мен құтқару қызметінің 30-дан астам арнайы көлігі қатыстырылды.