Өскеменде мектеп асханалары жаңғыртылуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласында 35 мектептің асханасы биылғы оқу жылының басына дейін қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай болады. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Қаладағы білім нысандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан қала басшысы Жақсылық Омардың мәлімдеуінше, биылдан бастап мектеп асханаларын қайта жаңғырту қолға алынды.
«Көпшілік бұл жобаның басты мақсаты неде деп ойлайтын шығар? Бұл жоба осы кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге деген ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің, сондай-ақ кәсіпкерлердің ертеңгі күнге деген сенімділігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр. Мектеп директорлары жыл сайын конкурс өткізіп, кәсіпкерлермен бір жылға ғана келісімшарт жасасады. Бір жылдан соң оның орнын басқа кәсіпкер басады. Қысқа мерзімге асхананы жалға алған кәсіпкер ертеңгі күніне сенімсіз болған соң мектеп үшін, балалар үшін жақсы нәрсе істеуге талпынбайды. Сол себепті біз аталмыш жобаны қолға алдық. Білім басқармасымен бірлесе отырып мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кәсіпкерлерге мектеп асханаларын жеті жылға жалға беруді бастадық. Кәсіпкер өз кезегінде асхананы толық жөндеп, заманауи құрылғылармен жабдықтап, ас мәзіріне дейін жаңартуы тиіс. Барлық мектептегі осындай жұмыстар 25 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс», - дейді қала әкімі Жақсылық Мұқашұлы.
Осылайша жеті жылға дейін мемлекеттен кепілдік алған кәсіпкерлер жыл сайын конкурсқа қатыспастан еш қаперсіз кәсібін дөңгелентпек. Қала әкімінің айтуынша, әзірге бұл жоба қаладағы 35 мектепте ғана қолға алынған.
«Мектеп асханасының заманауи қалыпта болуын қаладық. Бір қабырғаны кірпіш іспетті тақталармен қалатып, ас әзірлейтін бөлменің қабырғаларын плиталармен қаптаудамыз. Истартқыш құрылғыны орнатып, отандық өндірушілерден әдемі үстел-орындықтар сатып алдық. Бірнеше күнде төбені тартқызып, теледидарлар орнатамыз. Асхана ішін тамыз айының бел ортасына дейін толық қалпына келтіріп қоямыз деп ойлаймын», - дейді №37-ші мектептің асханасын жалға алып отырған жеке кәсіпкер Яна Родякина.
Аталмыш мектептің асханасын бес жыл қатарынан жалға алып келе жатқан Янаның қызметін одан әрі көруді қалаған ата-аналар мен мектеп әкімшілігі оған сенім артқан. Дегенмен кәсіпкер азаматша мектеп асханасын жаңғыртуда мұнымен ғана тоқтап қалмақ емес, ол Елорда мектептерінде енгізіліп жатқан 1С жүйесін өз асханасына 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізуді қалайды.
«Айталық мектепке келген баланың қолында пластик картасы болады. Бала білім ордасына кіргенде ата-анасының ұялы телефонына оның мектепке келгені жөнінде СМС-хабарлама келіп түседі. Автоматты жүйе асханадан баланың не алып жегенін де ата-анасына хабарлама түрінде жіберіп отырады. Осылайша олар өз баласының ас ішіп-ішпегенін қадағалап отыратын болады», - дейді кәсіпкер.
Қоса кетсек, мектеп асханаларының жаңғыртылуы 35 мектеппен тоқтап қалмайды. Алдағы оқы жылында қалған 15 мектеп те қолға алынып, заманауи қалыпқа келетірілетін болады. Қала басшылығының айтуынша, жөндеу жұмыстары оқушыларға еш кедергі келтірмейтін күзгі және қысқы каникулдар кезінде жүзеге асырылатын көрінеді.