Өскеменде кене шаққан жасөспірім жансақтау бөліміне түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскеменде жасөспірім кене шаққаннан кейін жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
Өскемен қаласының тұрғыны 16-27 сәуір аралығында Алматы облысында жарыста болған екен. Кене сол кезде, дәлірек айтсақ, 24 сәуір күні шаққан. Жеткіншек өзін кене шаққанын бірден байқай қоймаған. Өскеменге елгеннен кейін ғана басы ауырып, дене қызуы көтерілген.
«Энцефалит ауруын 10-20 күн аралығында байқауға болады. Біршама уақыт өтіп кеткендіктен, бала ауруханаға ауыр күйде жеткізілді. Бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Ол жерде толықтай медициналық көмек көрсетілді, сондай-ақ мидың ісінуінің алдын алу шаралары жасалды. Содан кейін ғана науқасты неврология бөліміне ауыстырдық. Кенеге қарсы гамма-глобулиннің курсы жалғаса береді. Бала ұзақ уақыт емделуі керек, - деп түсіндірді неврологиялық бөлімнің меңгерушісі Зайра Танабаева.
Мамандар қазір қауіпті вирустарды тасымалдаушы кенелердің белсенділігі жоғары екенін айтады. Кене шаққан жағдайда бірден дәрігерлерге, медициналық пункттерге жүгінуге кеңес береді.