Өскемен мен Семей полицейлеріне 5 мың термометр жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО полиция қызметкерлері тұрғындардың дене қызуын тексергенде қашықтан өлшейтін 5 мың термометрмен қамтамасыз етілді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов facebook-тегі парақшасында жазды.

Өңірімізге 5 мың дана қашықтан өлшейтін термометр жеткізілді. Олар Өскемен мен Семейдегі кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлеріне беріледі. Осылайша біз көшедегі азаматтардың дене қызуын өлшейтін боламыз. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және оның еш зияны жоқ. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытып, полицейлердің бұл әрекетіне үрейленбеулерін сұраймын. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер мұндай тексерістен күн сайын өтеді. Ол адамның ыстығы көтерілгенін анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар әкім қазір мемлекет пен халық үшін оңай кезең емес екенін айтып, жерлестерін бұл қиындықтарды бірге жеңуге үндейді.

Даниал Ахметовтің айтуынша, бүгінде облыста 12 мың адам 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған. Жалпы аймақ бойынша 100 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

"Қазпошта" мен банк бөлімшелерінде қызметкерлер санын 900-ден 1500-ге дейін көбейту туралы шешім қабылдадым. Бұл халыққа уақытылы қызмет көрсету үшін қажет. Сонымен қатар барлық бөлімшелердің жұмыс уақыты кешкі сағат 21.00-ге дейін ұзартылды. Демалыс күндері де арнайы әлеуметтік есепшот ашып, жәрдемақыны алуға болады, - деп жазған  өңір басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы