Өскемен қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы ұзартылады
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласындағы әуежай алдағы үш жыл көлемінде қайта жөндеуден өтеді. Алайда, оның ұшып-қону жолағын қанша ұзартқанмен халықаралық стандарттарға сай бола алмайтын көрінеді. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов мәлімдеді.
Биыл Өскемен қаласындағы әуежайды қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың желтоқсан айында мұнда жаңадан заманауи терминал салынған болатын. Бірақ басты мәселе әуежайдың ұшып-қону жолағының қысқалығында тұр. Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш әуежайды қайта жөндеу 2019-2021 жылдар аралығында жүргізіледі. Ал жобаның жалпы құны 10 миллиард 626 миллион теңгені құрайды. Оның жеті миллиардтан астамы әуежайдың құрылысына жұмсалса, 1,6 миллиард теңгесіне түрлі құрылғылар сатып алу көзделген.
«Қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде әуежайдың ұшып-қону жолағы ұзартылып, жарық-сигналды құрылғылары толық жаңартылады, ұшақ тұрақтары мен перрон жөндеуден өтеді. Сондай-ақ жүк терминалы салынып, апаттық-құтқару станциясы қайта жөнделеді», - дейді Нұржан Жұмәділов.
Басқарма басшысы облыс орталығындағы әуежай толықтай жөндеуден өткен соң ұшып-қону жолағының тағы да 350 метрге ұзарып, екі километр 800 метрге жететінін айтады. Мұндай өзгеріс әуежай маңында орналасқан тұрғын үйлерге кедергісін келтірмейтіндей қазіргі уақытта облыстық Әуе бөлімшесі мен тікұшақ алаңшасы орналасқан жағына қарай жасау жоспарланып отырған көрінеді. Десек те, ұшып-қону жолағын қанша ұзартқанмен де ол қазіргі барлық авиациялық талаптарға сай келе алмайды. Мұндағы басты себеп — жердің жетіспеушілігі. Ал әуежайды қаланың басқа аумағынан салуға әзірге мүмкіндік жоқ.
«Семей қаласындағы әуежай өткен жылы қайта жөндеуден өтіп, ұшып-қону жолағы халықаралық стандарттарға сай үш километр 100 метрге жеткізілген болатын. Ал Өскемен қаласындағы әуе айлағын мұндай стандарттарға сәйкестендіру мүмкін емес. Жер тым тар. Осы себепті бұл әуежай ұшақтардың барлық түрін қабылдай алмайды. Дегенмен бұл жолаушылар барлық бағытқа бара алмайды деген сөз емес. Түркияның Анталиясына, Ресейдің Мәскеуіне еш кедергісіз ұша бересіз. Мұнда ұшақтың «Airbus» және басқа түрлері қона алады, тек аур жүк және әскери ұшақтар ғана қона алмайтын болады», - деп қосты басқарма басшысы.