СҚ-Фармацияның дәрілері өте қымбат – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Сұңқар" онкологиялық орталығының бас дәрігері Бақтияр Керімқұлов депутаттармен кездесу барысында айтты.

Бүгін "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев пен Ерлан Барлыбаев Алматыдағы "Сұңқар" клиникалық орталығының жұмысымен танысты. Кездесу барысында орталықтың бас дәрігері клиникада коронавируспен ауырғандарды емдеуге қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек жеткілікті екенін айтты.


Біздің орталық онкологиялық науқастарды емдеуге арналғандықтан сәуле және химия терапияның заманауи аппараттары бар. Дәрі-дәрмек те қазір жеткілікті. Шілде айында дәрінің аздап жетіспеушілігі болды. Дегенмен кейін бәрі қалпына келді, - деді бас дәрігер. 

Депутаттардың дәрі-дәрмекпен СҚ-Фармация қамтамасыз етіп отырма деген сауалына дәрігер қажетті дәрілердің барлығын өзге компаниядан алып отырғанын жеткізді.
Әрине, біз СҚ-Фармациядан сатып ала аламыз, алайда, олардың бағасы тым қымбат. Сондықтан өзге компаниялардан алуға тура келеді. Осы уақытқа дейін керекті жабдықтармен де, дәрімен де өзімізді қамтамасыз етіп келеміз. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болған емес, - дейді дәрігер.

Сөз арасында ол күзге қарай коронавирустың жаңа толқыны болуы мүмкін екенін және ол өте ауыр жүретінін жеткізді.


Күз мезгілі адамдардың созылмалы ауруының қозатын кезі. Коронавиурс жұқтырғандар саны сондай көп болмауы мүмкін, бірақ вирус жұқтырғандарда сырқат ауыр жүретін болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазірден дабыл қағып, соған дайындалу қажеттігін айтып жатыр. Вирус жұқтырған адамдар қайталап ауруы да мүмкін. Өйткені антидене үш-төрт айдан соң күшін жоятыны анықталған, - дейді Бақтияр Керімқұлов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы