Сіздің қолыңыздан келеді: Шпекбаев Мәсімовке өтінішін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада бір емес бірнеше федерацияға бөлініп жүрген қазақ күресінің ұйымдары жиылып, қазақ күресі ассоциациясы құрылды.

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР қазақ күресі федерациясы, Халықаралық Qazaq kuresi федерациясы және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының біріккен конгресі өтті. Конгресс аясында Qazaq kuresi қауымдастығы құрылды. Қауымдастық басшысы болып Кәрім Мәсімов тағайындалды.

 

Осы жиында сөз алған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Алик Шпекбаев қазақ күресін Олимпиада ойындарына енгізу үшін ең алдымен мемлекет тарапынан қаржылай қолдау керектігін айтты. 
 

Қазақ күресі қазір елімізде ғана емес, дүние жүзі бойынша кең көлемде танымал бола бастады. Бүгінгі таңда бұл салада шешімін таппаған мәселелер бар екенін де айта кету керек. Дүниежүзілік қазақ күресінің бірінші мәселесі - қаржыландыру. Қайырымдылықтың арқасында көптеген шаралар өтіп жатыр, бірақ бюджеттен қаржыландырылуға тиісті. Егер қазақ күресінің деңгейін халықаралық дәрежедегі деңгейге көтергіміз келсе - бюджеттен қаржы бөлу керек.Сонымен қатар алдағы уақытта төл күресімізге ортақ ереже мен біртұтас киім үлгісі қажет. Әйтпесе бүгінгі таңда үш федерация үш түрлі ереже мен үш түрлі киім киіп жүр. Әкеңіздің есімі Қажымұқан (қауымдастықтың жаңа президенті Кәрім Мәсімовке қарата) болғандықтан қазақ күресін ендігі жерде міндетті түрде дамыту сіздің қолыңыздан келеді, - деді Алик Шпекбаев.  


Өз кезегінде қауымдастық басшысы Кәрім Мәсімов басты мақсаттары қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына кіргізу екенін айтты.
 

Осында жиналған баршамыздың мақсатымыз қазақ күресін Олимпиада ойындарына кіргізу. Сол себепті дүниежүзілік қазақ күрес федерациясы, халықаралық қазақ күрес федерациясы және республикалық қазақ күресі федерациясының бастарын қосып осы ассоциацияны құрып отырмыз. Бұл бүгінгі таңда үлкен жетістік болып табылады, - деді Кәрім Мәсімов. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Бүгін – Алғыс айту күні
Өзгелердің жаңалығы