Ақтоты Райымқұлова: Сіздер ғаламдық сананы өзгертуге үлес қостыңыздар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тацухико Касаи, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы О.Сүлейменов, халықаралық қозғалыс мүшелері, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова жиналғандарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Бүгінгі құттықтауы мен ядролық сынақты тоқтатуға қосқан еңбегіне ризашылық білдірген ақын, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы О.Сүлейменов Елбасы Н.Назарбаевқа қозғалыстың 30 жылдығына арнап шығарылған мерейтойлық медалін тапсырды. Сондай-ақ мерейтойлық медаль Мәдениет және спорт министріне де тапсырылды.
«Бүгінгі шара – қозғалыстың салтанатты мерейтойы ғана емес, қазақстандық қоғам мен барша адамзаттың бейбітшілік пен таза ғаламшар үшін күресінің маңызды кезеңі. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы белсенділерінің, қоғамның арқасында 1989 жылға жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і жасалмады. Осындай күш-жігер мен батыл қадамдарыңызбен сіздер ғаламдық сананы өзгертуге үлес қосып, бейбітсүйгіштік идеяның маңыздылығын іс жүзінде дәлелдедіңіздер», - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Қазақ жерінде 1949 жылдан 40 жылдай ядролық сынақ жүргізілді. 450-дей сынақтың салдарынан радиациялық сәуленің күшті дозасын алған полигон маңындағы ауыл тұрғындары оның зардабын әлі күнге тартып келеді. О.Сүлейменов 1989 жылы ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысын құру туралы үндеу тастады. Араға 2 жыл салып, Президент Н. Назарбаевтың жарлығымен полигон толықтай жабылды. Кейіннен 29 тамыз – халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілді.