"Сіз Премьер болған кезде ушығып кетті". Депутат Смайыловқа ҚТЖ бойынша сұрақ қойды

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Жоғарғы аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайыловқа ҚТЖ мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлихан Асханұлы, сіз ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы мүшкіл екенін айттыңыз. Шыны керек, ол жағдай сіз Премьер-министр болып тұрған кезде ушығып кеткен болатын. Сондықтан сізге сыпайы сұрақ қояйын. Сол кезде неге осы мәселемен айналыспадыңыздар? Екінші сұрағым, неге ҚТЖ-ға қатысты деректер құпия деректерге жатқызылған? ҚТЖ-ға қашан қоғамдық бақылау тетігін енгіземіз? Сіздер жауып қойған қазанның ішінде жемқорлықтың көкесі жатқан жоқ па? – деп сұрақ қойды депутат.

Әлихан Смайылов бұл мәселе былтыр да көтерілгенін айтады.

Кезінде бұл мәселелерді бірнеше рет көтеріп, тиісті салалық министрлікке және ҚТЖ-ға тапсырма беріп, талап қойдық. Бірақ қабылданған шаралар толық көлемде жүрмей, тиімсіз болып шықты. Сондықтан бұл мәселені тағы көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Аудиторлық тексеріс барысында кейбір мәліметті уәкілетті органдардан сұрадық, – деді ол Мәжіліс отырысында.

Ол ҚТЖ-дан алынған мәліметтерге таңба қоюға мәжбүр болғанын айтты.

Алайда, бұл мәліметтер құпия емес, тек жариялауға шектеу қойылған материалдар. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарына 5 материал жіберілді. Онымен қоса, 117 әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберілді, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы