«Сіз iPhone 18-ге тапсырыс бердіңіз»: Алаяқтар жаңа тәсілге көшті
iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс бермек болсаңыз, сақ болыңыз. Алаяқтар тиімді ұсыныс пен жалған хабарламаны пайдалануы мүмкін.
Қазақстандықтарды жаңа iPhone моделіне қатысты алаяқтық схемадан сақ болуға шақырды. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беру және одан бас тарту сылтауымен азаматтарды алдауға бағытталған тәсілдер пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алаяқтар қалай алдауы мүмкін?
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жанындағы Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар азаматтардың жаңа смартфон моделіне деген қызығушылығын пайдаланып, жалған хабарламалар мен ұсыныстар таратуы мүмкін.
Бірінші жағдайда азаматқа Apple компаниясының атынан iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс берілгені туралы хабарлама жіберіледі. Егер адам мұндай тапсырысты өзі жасамаған болса, одан бас тарту үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады.
Алайда хабарламада көрсетілген нөмір шын мәнінде алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін. Олар тапсырыстан бас тарту сылтауымен азаматтан жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодын сұрауы ықтимал.
Екінші жағдайда пайдаланушыға iPhone 18 смартфонын тиімді бағамен және жылдам жеткізу кепілдігімен алдын ала брондау ұсынылады.
Ұсыныстағы сілтеме жалған сайтқа бағыттауы мүмкін. Онда тапсырысты рәсімдеу үшін банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да құпия ақпаратты енгізу сұралады.
Бас прокуратураның ескертуінше, мұндай мәліметтер кейін есептік жазбалар мен банктік сервистерге заңсыз кіру немесе ақшаны ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.
Алаяқтар адамды қалай асықтырады?
Мұндай схемалардың негізгі ерекшелігі – азаматты тез шешім қабылдауға итермелеу.
Бір жағдайда адам өзі жасамаған тапсырыс үшін алаңдайды. Екінші жағдайда тиімді ұсынысты жіберіп алудан қорқады. Осылайша алаяқтар адамның эмоциясын пайдаланып, оның ақпаратты тексерместен әрекет етуіне жағдай жасауы мүмкін.
Сондықтан күмәнді хабарлама алған кезде көрсетілген сілтемеге бірден өтпей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн.
Бас прокуратура не істеуге кеңес береді?
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтарды мұндай жағдайларда сақ болуға шақырады.
Атап айтқанда:
- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз;
- құпия сөздерді, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеңіз;
- бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымшалар орнатпаңыз және құрылғыңызға қашықтан кіруге рұқсат бермеңіз;
- сайттың түпнұсқалығын және сатушының сенімділігін тексермей тұрып алдын ала төлем жасамаңыз;
- тапсырыс туралы ақпаратты күмәнді хабарламадағы сілтеме арқылы емес, сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңіз тексеріңіз.
Егер азамат карта деректерін беріп қойғанын немесе шотынан күмәнді қаражат есептен шығарылғанын байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, болған жағдай туралы полицияға хабарласуы қажет.
Бас прокуратураның мәліметінше, күтпеген жерден келген тапсырыс туралы хабарлама немесе тым тиімді ұсыныс азаматты асығыс әрекет етуге итермелемеуі керек.
Тапсырыс туралы күтпеген хабарлама – ақпаратты тексеруге себеп. Кодты шұғыл хабарлау немесе ақша аудару талабы – ықтимал алаяқтықтың белгісі, - деп ескертті Бас прокуратура.