Бір сәт мейірімді болыңызшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір әлемде өмір сүріп жатқан әрбір адам мейірімге мұқтаж. Мейлі ол ауқатты болсын, мейлі қайыршы болсын.

Жаныңыздағы кісінің жәй ғана жағдайын сұрағаныңыз оның жанын жадыратып тастайтынын аңғарып та, бәлкім аңғармай да жүрген шығарсыз. Біз осы жақсы сөз айта алмайтынымызды, қайыршыға қамқорлық қыла алмайтынымызды қалтамыздың жұқалығымен ақтағымыз кереді. Мейірім мен қаржының екі бөлек дүние екендігін біле тұра. Жақсы сөз бен жылы сөздің адамды қалай рухтандырып, жігерлендіретінін Ник Вуйчич әлемге дәлелдеп жүр.

Ал, сіз далада жатқан қаңғыбасқа бір сәт адамға тән мейіріммен қарап көрдіңіз бе? Көбіміз олай қарай алмаймыз. Біз үшін ол тек қана қаңғыбас. Біз мұншалықты қатігез болуды, адам және қаңғыбас деп бөліп қарауды қайдан үйрендік? Кейде бір сәттік мейіріммен бір адамның өмірін құтқарып қалуға болады. 

Адамның тағдырын бір болмашы сәт қана өзгертіп жіберетінін дәлелдеудің қажеті жоқ. Тағдыры сол бір сәтте өзгеріп, арбаға таңылған Торғын Жолдасбекқызы көпшіліктің алдына шығып өзінің "Сәт" деп аталатын шығармасын оқып берді.


Торғын әлеуметтік желіде белсенді жас. Сонымен қатар, көптеген шағын әңгімелер мен көлемді жазбалардың авторы. Ең көлемді шығармасы "Кеш қалма" атты роман 2017 жылы жарық көреді.

Автор әр жазбасында оқырманға "Дәл сіздің өміріңіз ғажап. Сіз әлемнің кереметісіз. Сүрген әр күніңіз, әр жетістігіңіз бен әр жеңілісіңіз сізге мінсіз сезім силау үшін берілген ұлы сый ғана" дегенді жанамалай да, тікелей де айтуға тырысады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы