10 Тамыз 2026, 00:33 Фото: Скриншот

Сицилия жағалауынан 2 мың жылдық ежелгі рим кемесінің қалдықтары табылды

Кеменің қалдықтарын балықшылардың хабарынан кейін Италия полициясының мәдени мұраны қорғау бөлімінің арнайы сүңгуірлері зерттеген.

Италиялық сүңгуірлер Сицилия жағалауынан біздің дәуірімізге дейінгі II немесе I ғасырға жататын ежелгі римдік кеменің қалдықтарын тапты.

ВВС-дің мәліметінше, кеме шамамен 46 метр тереңдіктен анықталған. Ұзындығы 21 метр, ені 6 метр болатын кеменің бортында жүздеген жақсы сақталған амфора бар. Ежелгі дәуірде бұл керамикалық ыдыстар негізінен шарап, зәйтүн майы және астық тасымалдауға пайдаланылған.

Кеменің қалдықтарын балықшылардың хабарынан кейін Италия полициясының мәдени мұраны қорғау бөлімінің арнайы сүңгуірлері зерттеген.

Кеменің бар екенін алғашқылардың бірі болып Мазара-дель-Валло маңындағы теңіз түбін зерттеген балықшы әрі еркін сүңгуір Джакомо Де Мола байқаған. Ол әлеуметтік желідегі сканерден теңіз түбіндегі ірі нысанды көріп, оны зерттеуге шешім қабылдаған. Кейін оның тас емес, ежелгі кеме апаты екені анықталған.

Италияның Мәдениет министрі Алессандро Джули бұл олжаны соңғы жылдардағы суасты археологиясындағы маңызды жаңалықтардың бірі деп бағалады.

Қазір мамандар кеменің ерекшеліктері мен оның жүгі туралы қосымша ақпарат жинап жатыр. Нысанды зерттеу кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да қабылданады.

Мамандар Жерорта теңізінің түбінде осындай ежелгі кемелердің көптеген қалдықтары болуы мүмкін екенін айтады. 2023 жылы Римнің солтүстік-батысындағы жағалаудан біздің дәуірімізге дейінгі I немесе II ғасырға жататын, жүздеген амфора тиелген тағы бір кеме табылған болатын.