Сириялықтар Қазақстанда браконьерлікпен айналысқан
Түркістан облысында қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен құстарды заңсыз аулаған браконьерлер тобы ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Қолға түскен жеті адамның 4-і Қазақстан азаматы болса, 3-і елімізде тұруға ықтияр-хаты бар Сирия азаматтары. Олар Созақ ауданы мен Шымкент қаласы аумағында өздерінің заңсыз әрекетін іске асырып отырған.
Күдіктілерді облыстық полиция департаменті, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, заңсыз аулаған аң еті мен мүйіздерін сақтап, сату кезінде қолға түсірген. Тінту барысында олардан 382 ақбөкен мүйізі, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшы және пневматикалық мылтық, дүрбі, жарықтандырғыш, 15 келіге жуық арқар еті мен, басқа да заттай айғақтар тәркіленді.
Қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеден асады, - деді облыстық ПД ресми өкілі Гүлнар Абдужаппарова.