Сирияға көмек. Қазынадан 160 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жойқын зілзаладан зардап шеккен Сирия халқына да көмектесуге ниетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберінде беріледі. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн теңгеден астам сома бөлінеді, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар алғашқы гуманитарлық жүк бүгін Сирияға жіберілді.
Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орындар жабдықтары түріндегі көмек ҚР арнайы әуе кемелерімен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізіледі. Бүгін бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып шықты. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы толыққанды халықаралық ұйым мәртебесімен өзіндік халықаралық құқық субъектілері бар Ислам ынтымақтастық ұйымының мамандандырылған институты. Ұйым Қазақстанның бастамасымен 2011 жылы құрылған. Штаб-пәтері Астанада орналасқан, - деп нақтылады Айбек Смадияров.