Сириядан оралғандар соты: Айыпталушылар бір-бірінің түсініктемелерін теріске шығарып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада "Жусан" арнайы операциясы аясында елге оралған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының бұрынғы 14 жауынгеріне қатысты сот ісі жалғасып жатыр. 

Сот 22 қазанда Ішкі істер министрлігінің ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде басталды. Ашық отырыстар судья Әділхан Шайхисламовтың төрағалығымен қазақ тілінде өтіп жатыр.

Сотқа тартылып жатқандар: Данияр Алтаев, Абзал Амангелді, Ермұқан Айыпқалиев, Тұрлан Әбілқайыров, Жандос Әжмәмбетов, Ғазинұр Бақытжанов, Аманжол Жансеңгіров, Бақтияр Ибраев, Нұрлан Қамалов, Руслан Қуанов, Алмас Нарботин, Дәурен Сәбитұлы, Думан Сәдуақасов және Данабек Төреханов.

Екі апта бойы сотталушылар түсінік беріп, олар кіммен, қалай және не үшін соғысқанын айтты. Оларға террористік іс-әрекетке қатысу, терроризмді тарату және насихаттау, сондай-ақ басқа да ауыр қылмыстар жасау туралы алдын ала айыптар тағылды. 


Бүгінгі сот отырысында алдымен айыпталушы Данияр Алтаевтың адвокаты ұсынған үш өтінішхат қаралды. Өтінішхаттарда Алтаевтың алты баласы барын, төрт айлық баласымен келіп отырған жұбайының Алтаевпен кездесуге рұқсат беруін сұрағаны, айыптау фактісіне сай ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабы 2-бөлімімен айыпталып отырғанын, іс-әрекет 2013 жылдан басталғандықтан, қайта саралау сұралды. 

Судья жақындарымен кездесу туралы өтініш сотта қаралмайтынын, канцелярияға арыз беру арқылы шешілетінін айтты. 

Бұл іс 93 қылмыстық томнан тұрады. 13 қарашада өткен сот отырысында процеске қатысушылар әрбір томмен танысып, айыпталушылар мен олардың жақындары берген түсіндірмелерді салыстырып қарады. 

Олардың кейбірі өзі үшін жауап беріп, жаза мерзімін қысқарту үшін және өзін қорғау мақсатында басқа айыпталушылардың жауаптарын жоққа шығарып отыр. 

Абзал Амангелді тергеу кезінде Нұрлан Қамалов, Аманжол Жансеңгіров, Ермұқан Айыпқалиевпен қалай танысқанын, олардың террористік топ құрамындағы іс-әрекеттері туралы келесідей жауап берген. 

Оның сөзінше, лақап аты "Қожеке" Қамалов Сириядағы қазақ жамағаты әйелдерінің әмірі болған. Оның жеке автокөлігі, жеке жүргізушісі, автокөлігі, жеке кеңсесі, орынбасары және тапсырмаларын орындайтын қызметкерлері болған. Осы қызметкерлердің барлығын Қожеке басқарып отырған. 

Ал Жансеңгіровті 2016 жылы Сирия жеріндегі Ракка қаласында көргенін, кейін басқа ауылдарда қазақ жамағаты арасында көріп тұратынын, танысқан кезде қарулы қақтығыстарға қатысқанын, 2017 жылы винтовка қаруын көрсеткенін, 2018 жылдан бастап ДАИШ-тың қауіпсіздік қызметінде өзінің "амниятшы" болып қызмет атқарғанын айтқан. 

Сондай-ақ, ол Ермұқан Айыпқалиевті 2016 жылы Ракка қаласында көргенін, танысқан уақытта ол автокөлік үстінде орналасқан үлкен көлемдегі қаруларды ататын қарулы қақтығыстарға қатысқанын айтқанын, одан кейін снайпер болғанын, қарулы қақтығыстардан жарақат алып жүре алмай қалды деп түсініктеме берді. 

Мені қай жерден көрдің? Қазақ жамағатында әмірлердің біреуі боламын деп айттым ба? Менің жүргізушім кім болды? Менің кеңсем бе еді? Нақты білетін болсаң, сотқа айтып бер. Шындықты айт, - деп сұрады айыпталушы Қамалов Амангелдіден. 

Амангелді Қамаловтың өзіне "қазақтардың әйелдерінің әмір басшысы боламын" деп айтқанын және мұны басқалардың аузынан да естігенін айтты. 

Мен өзім сізді әмірі деп естідім. "Жүргізуші" деп айтқан жоқпын. Қарамағында жұмыс істейтін адамдар бар дедім. Сіздің кеңсеңіз деп өзім есептедім. Менің естуім бойынша сізді әмір деді. Кім айтқанын нақты айта алмаймын. Жүргізушісі бар деп айтпадым, қарамағында машиналар бар деп айттым, - деп жауап берді Амангелді.

Қамалов болса, өзінің бұлай демегенін айтып, Амангелдінің түсініктемесі туралы қайта сұрақ қойды. 

Мен әйелдердің басшысы боламын деп айттым ба? Өмірімде айтқан емеспін. Әйелдердің басшысы болмайды, біріншіден. Жақсылап есіңе түсіріп, не айттым соны сөзбе-сөз айтып берсең болды, - деп қайта сұрады ол. 

Амангелді қазір есіне түсіре алмайтынын, бірақ еске түскенде айтатынын, прокурор жариялаған хаттамадағы жауаптарды қолдайтынын жеткізді. 

Жансеңгіров болса, соғыс қақтығыстарға мергенші боп қатысқанын өз көзімен қай уақытта көргенін сұрады. 

2017 жылы үйіңе барған кезде түрікше снайперден сабақ алып жүрмін деп айтқансың. Үйіңнен келесіде винтовка көрдім, - деді Амангелді.

Жансеңгіровтың сөзінше, ол кезде жаралы болған. 2014 жылы жарақат алған. 

Судья Жансеңгіровтің соғысқа қатысқанын көзімен көрген-көрмегенін сұрағанда, Амангелді "жоқ, көрмедім" деп жауап берді.

Жансеңгіров Амангелдінің жауабы басқалардан өзгеше болғанын айтып, "снайпер" немесе "амният" болғанына қандай дәлел келтіре алатынын сұрады. 

2017 жылы мешіттің қасында кездескенде бетіңді жауып, "амиятшы" болып істейтініңді айттың. Басқалардан да осыны естідім. Түрмеге отырмай тұрып айттың", - деді Амангелді.

Хаттамаларды жариялаған кезде Алмас Нарботиннің Сирияға кетпей жатып Алена Гончаровамен некеде болғаны айтылды.

Ол дінге қызыға бастағанын айтты. 2013 жылы маған хабарласып, "мені жерлеші, жұмаққа барғым келеді" деп айтты. Қызының оны ұмытпауын өтінді. Ақша жете ме деп сұрады", - делінген түсініктемеде.

Айыпталушының қарындасы Нарботиннің 2010 жылы мешітке бара бастағанын айтты. Алғашында бұл жаңалықты отбасы жақсы қабылдаған, себебі ол біршама уақыт ішімдікке әуес болған. Нарботин жалдамалы пәтерде "бауырларымен" тұрған кезде қарындасына теледидар көруге, музыка тыңдауға тыйым салған. Отбасы одан "сектаға кіріп кетті" деп күдіктенген. Оның жөн көрсетуімен кіші қарындасы хиджаб кие бастаған. 

Сирияда ол санынан жарақат алып, шариғат бойынша екі әйелмен некелескен. Олардан екі ұлы бар. 

Еске сала кетсек, сотқа 13 айыпталушы келді. Ауруханада жатқан Ермұқан Айыпқалиев денсаулық жағдайына байланысты сотқа жеткізілмеді. Ол соғыс қимылдары кезінде жарқыншақ тиіп жараланып, омыртқа жотасын зақымдаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы