Сириядағы ежелгі қала қалпына келтірілуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сирия әлемдегі ең ежелгі елдердің бірі, ал Алеппо бұл елдегі ең ескі қала, деп хабарлайды 24.kz.
Арабша Халеб деп аталатын бұл шаһар адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Қала тарихын жақсы білетін жергілікті тұрғындар өз жерін мақтан тұтады. Соғыс кезінде шаһардың шығыс бөлігінің күл-талқаны шыққанымен, тұрғындар ол қайта қалпына келетініне сенімді. 12 мың жылдан аса тұрған бұл қалаға талай рет ойран салған еді. Бірақ ол ұдайы қайта жаңғыратын.
Алеппо – Сирияның өнеркәсіп орталығы. Сол себепті, мұнда ең алдымен зауыттар мен фабрикалар қалпына келтіріліп жатыр.
Біздің өніміміз бүкіл елге қажет болғандықтан, онымен қамту үшін бар күшімізді салып келеміз. Иә, тәулік бойы электр қуатын пайдаланғанымыз үшін жеңілдікпен төлейміз. Сондай-ақ жұмысшыларға әлеуметтік көмек қарастырылған, - деді зауыт иесі Мұхаммад Каторжи.
Әскери қимылдар кезінде жасақшылар ежелгі нарық пен ежелгі мешітті жарып жіберген болатын. Қазір Сирия үкіметі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп жатыр. Осындай алғашқы нысандардың бірі көне заманнан келе жатқан әйгілі базар болған. Саудагерлер тауарын әкеліп, кәсібін қайта бастайтын кезді асыға күтіп отыр.
Базарымыз қайта ашылатынына өте қуаныштымын. Бірақ сол көне базар болмайтынына жаным ашиды. Құдай бұйырса, бәрі де жақсы болады, - деді саудагер Абдулла Азиз.
Қала қалпына келіп жатқанына қуанғанымен жергілікті тұрғындар ежелгі ескерткіштерінен айырылғанына налиды.
Жасақшылар тарихымызды жойып жатқанын жақсы білген. Осы мақсатпен туннельдер қазып, базарларымызды жарып жіберді. Алеппоны босатқаннан кейін мемлекет бұл базарларды жоспар бойынша қалпына келтіре бастады. Әрине көне базар қирағаны өкінішті. Жаңа өскен ұрпағымыз тарихымызды өз көзімен көре алмайды. Дегенмен бұрын болған түріне келтіргіміз келеді, - деді реставратор Сухель Насер.
Қалпына келтіру жұмыстарына балалар да атсалысып жатыр. Олар оқудан бос кезінде көмектесуге келеді. Соғысқа қарамастан, Сирияда жалпыға бірдей білім беру жүйесі қызмет етеді. Елде 7 мыңға жуық мектеп, 8 мемлекеттік және 23 жеке меншік университет бар. Осы жылы 844 оқу орны қалпына келтірілген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы