Сирияда парламент сайлауы өтетін болды
Сирияның саяси өмірі жаңа кезеңге қадам басуда. Елде парламент - Халық кеңесіне сайлау 2025 жылдың 5 қазанында өтетіні ресми түрде жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы сириялық SANA агенттігі Жоғарғы сайлау комитетіне сілтеме жасап мәлімдеді.
Комитеттің мәліметінше, сайлау органдарының жұмысына қатысты шағымдарды қабылдау мерзімі 21 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұған дейін билік сайлауды 15–20 қыркүйек аралығында өткізуді жоспарлаған болатын.
Сайлау рәсімі Жоғарғы комитеттің аймақтық подкомиссияларды құруынан басталады. Бұл шағын комиссиялар кандидаттардың өтініштерін қабылдап, алдын ала тізім жасайды. Қорытынды тізім бекітілгенге дейін үміткерлерді тіркеу туралы шешімдерге шағымдану мүмкіндігі қарастырылған.
Дауыс беру тікелей әрі құпия түрде жүргізіледі. Нәтижелері президенттің жарлығымен бекітіледі. 210 депутаттың үштен бірі — 70 орын президенттің тағайындауына беріледі.
SANA мәліметінше, дауыс беру барлық сайлау округтерінде өтеді. Алайда өткен айда комиссия тұрақсыз жағдайға және қарулы топтардың болуына байланысты Сувейда, Хасака және Ракка провинцияларында сайлау кейінге қалдырылатыны айтылған еді.
Бұл саяси науқан Сириядағы жаңа әкімшіліктің құрылуынан кейінгі алғашқы маңызды қадам болмақ. 2024 жылдың желтоқсанында Башар Асад елден қашып кеткен соң, уақытша президент Ахмад аш-Шараа билікке келді.
Жаңа парламент экономикалық реформаларды бекітуге және елдің сыртқы саяси одақтарына ықпал етуі мүмкін келісімдерді ратификациялауға шешуші рөл атқарады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Сирия уақытша кезеңнің құқықтық шеңберін айқындайтын конституциялық декларация қабылдаған болатын.