Сирияда бітім жарияланғаннан кейін қақтығыс қайта ушықты

Күрдтердің «Демократиялық Сирия күштері» (SDS) коалициясымен атысты тоқтату режимі енгізілгеннен кейін Сирияның солтүстік-шығысында елдің өтпелі үкіметі Қарулы күштерінің кемінде 11 әскері қаза тапты. Бұл туралы Араб Республикасының Қорғаныс министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, бітімнің алғашқы күнінде күрд жасақтары армия позицияларына 35-тен астам рет шабуыл жасаған. Соның салдарынан 35-тен астам әскери жарақат алған.

20 қаңтарда Сирияның өтпелі үкіметі SDS-пен жасалған төрт күндік жаңа келісім аясында елдің солтүстік-шығысында атысты тоқтату режимін енгізгенін жариялаған болатын.

Ал 18 қаңтарда Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа күрд құрылымдарымен бітім жөніндегі келісімді мақұлдады. Құжатқа сәйкес, Дейр-эз-Зор мен Ракка провинциялары өтпелі үкіметтің толық бақылауына өтеді, ал Хасеке аймағындағы күрдтер құрған азаматтық мекемелер Сирия мемлекетінің құрамына енгізіледі. Сондай-ақ, шекара өткелдері мен мұнай-газ кен орындарының қауіпсіздігін Сирия армиясы қамтамасыз етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы