Сирия тәжірибесі бойынша: Астана Мәскеу мен Киев келіссөздерінің алаңына айналуы мүмкін бе?

Әлем назарын Аляскадағы Владимир Путин мен Дональд Трамп келіссөзіне аударды. Бұл кездесуден көпшілік украин дағдарысында елеулі ілгерілеу күткен еді: кем дегенде жағдайды өзгертетін қадам болады деген үміт болды. Алайда нәтиже күткендей болмады: айтарлықтай келісімдер жарияланбады, ал кездесудің қорытындылары практикалықтан гөрі символикалық сипатта қалды. Енді әлем жұртшылығы Дональд Трамптың 18 тамызға жоспарланған Владимир Зеленскиймен кездесуін бұл жолы "сәтсіздікке ұшырамайтын" үмітпен күтуде. Ал әзірге өткен келіссөздерге талдау жасалып отыр.

BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берген әскери-саяси сарапшы Рустам Бурнашев кездесудің мәнін, оның салдарын неге иллюзорлы деп санайтынын және Қазақстанның дипломатиядағы ықтимал рөлін түсіндірді.

 

- Рустам, Анкоридждегі кездесуді қақтығыстың бетбұрыс сәті деп қарастыруға бола ма, әлде ол тек шиеленістің одан әрі өршуін уақытша тежейтін фактор ма?

- Әрине, АҚШ пен Ресей президенттерінің Анкоридждегі кездесуі Ресей мен шартты Батыс арасындағы қақтығыстың трансформация нүктесі. Себебі Дональд Трамп Владимир Путиннің Батыс елдері құруға тырысқан «қол алысуға жарамсыз аймағында» емес екенін көрсетті және онымен диалог жүргізу қажеттігін дәлелдеді.

Бірақ бұл кездесу Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа немесе әскери әрекеттерге түбегейлі әсер етеді деп айту қиын. Нақты нәтижелер жарияланған жоқ. Ерекшелігі — Дональд Трамптың: әңгіме тек атысты тоқтату емес, толыққанды бейбіт келісім жасау туралы болуы тиіс деген мәлімдемесі. Яғни әзірге кездесудің практикалық емес, символикалық маңызы басым. Ал символика әрқашан шартты әрі иллюзиялық болып қала береді.

 

- Мұндай келіссөздер Украина мен Ресей үшін қаншалықты маңызды? Болашақ бейбіт процестің негізі Мәскеу мен Вашингтон диалогы бола ала ма?

- Қанша жерден керісінше айтылса да, Ресей мен Украина арасындағы соғысты келіссөзсіз аяқтау мүмкін емес: кез келген соғыс тек екіжақты келісім арқылы тоқтайды. Қақтығыс көпқырлы әрі көпдеңгейлі болғандықтан, кез келген деңгейдегі кездесу белгілі бір рөл атқарады.

АҚШ объективті түрде қақтығыстың бір тараптарының бірі, тіпті кейбір бағалаулар бойынша — басты тарап. Сондықтан Мәскеу мен Вашингтон арасындағы диалог бейбіт процестің маңызды бөлігі болып қала береді. Бірақ оның іргелі рөлі — субъективті ұғым және саяси көзқарасқа байланысты. Дегенмен түпкілікті шешім бәрібір Украина мен Ресейдің қолында, себебі соңғы келісімге келетін тараптар — солар.

 

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің өтуін тараптардың саяси еркінің арқасы деп атап өтті. Мұны Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтағы жаңа кезеңнің белгісі деп қабылдауға бола ма?

- Дональд Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ ұстанымындағы риторикалық өзгеріс анық байқалады. Бұл оның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне де, саяси бағдарларына да байланысты. Ресейдің позициясына келсек, ол бастапқыдан-ақ күрделі әрі көпқырлы, сондықтан оны қарапайым «ақ-қара» өлшемдермен бағалау қиын.

 

- Қазақстан Сириядағы Астана процесі, Ауғанстан бойынша келіссөздер секілді бейбіт бастамалардың алаңы болды. Оның бейтарап делдал ретіндегі рөлін қалай бағалайсыз? Украина мәселесінде Астананың қатысуы мүмкін бе?

- Техникалық тұрғыда Қазақстан расымен де Украина мен Ресей арасындағы, сондай-ақ кеңірек "Ресей–Батыс" форматындағы келіссөздер алаңына айнала алады. Бірақ Қазақстан тек өз ұсынысын білдіре алады, ал түпкілікті шешім тараптардың еркінде.

Еске сала кетейін, дәл Қазақстанда 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті өткен еді.  2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті өтті. Бұл ұйымның негізі 1970-жылдардағы бейбітшілік кезеңіне барып тіреледі және ол қырғи-қабақ соғысты консенсус негізінде аяқтауда маңызды рөл атқарды. Биыл ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясына – 15 жыл, ал Хельсинки Қорытынды актісіне – 50 жыл толып отыр.

Қазіргі қақтығысты реттеу дәл осы кезеңде басталып, Қазақстан маңызды рөл атқарса, ол символикалық тұрғыдан да мәнді болар еді.

 

- Анкоридждегі кездесуді Еуразиядағы жаңа қауіпсіздік жүйесінің бастауы ретінде қарастыруға бола ма? Онда Қазақстанның орны қандай болмақ?

- Мен бұған тым оптимистік баға бермес едім. Әзірге бұл тек символикалық қадам ғана, әркім оны өзінше түсіндіреді. Еуропада немесе Еуразияда жаңа қауіпсіздік жүйесі тек Мәскеу мен Вашингтон диалогы арқылы емес, барлық мүдделі тараптардың консенсусына сүйене отырып құрылады. Яғни ол СБСЕ/ЕҚЫҰ моделіне ұқсас болуы тиіс. Онда барлық қатысушылардың мүддесі ескерілуі қажет, тек "ұлы державалардың" ғана емес.

Қазақстанға келсек, мұнда Президент Тоқаев соңғы жылдары белсенді түрде айтып жүрген "орта державалардың рөлі" идеясын атап өткен жөн. Дәл осындай мемлекеттер болашақ қауіпсіздік архитектурасында өзіне лайықты орнын таба алады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы