Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіретін жол картасы әзірленеді
Бұл туралы Иранның Сыртқы істер вице-министрі Али Асқар Хаджи елордада өткен Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі кезекті 20-шы халықаралық кездесуден соң берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында Сирия, Түркия, Иран және Ресей Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде екінші кездесу өткіздік. Сирияға қатысты халықаралық аренада бірқатар жақсы өзгеріс болды.
Қазіргі таңда Сириядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті бұрынғыға қарағанда жақсарған. Сыртқы саясатта елеулі өзгерістер орын алды, - деп атап өтті Иранның сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол Сирия көптеген араб елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастарын қалпына келтіргенін, Араб лигасына қайта оралғанын алға тартты.
Осы уақыт ішінде Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін әскери, қауіпсіздік және сыртқы істер министрлері деңгейінде әртүрлі деңгейде көптеген кездесулер өтті. Сыртқы істер министрлеріміздің Сирия мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге арналған жол картасының жобасын әзірлеуге уағдаласуын ескеріп, бұл кездесу өте сәтті өтті деп есептейміз. Біз диалогты қамтамасыз еттік, пікір алмастық. Біз әртүрлі идеялармен таныстық және әрине, Сирия және Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін жол картасын әзірлеу процесі басталды. Бұл жұмысты жалғастыра береді, - деді вице-министр.