Сирия мәселесі: Тегеран Астана форматындағы кездесу өткізуге ниетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 17-ші халықаралық кездесу барысында белгілі болды.
Сирия мәселесін талқыға салған Иран, Ресей мен Түркия елдерінің делегациясы Астана форматында мемлекеттердің кездесуін келесі жылдың басында Тегеранда өткізу туралы келіссөздер жүргізді.
Сонымен қатар бұл саммитке дейін СІМ басшыларының деңгейінде кездесу өткізу жоспарда бар.
Еске сала кетейік, бүгін елордада өтіп жатқан Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер қорытындылануда. Халықаралық маңызды жиында ресейлік делегацияны РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын – СІМ екіжақты саяси қатынастар бойынша бас директор Сельчук Унал бастап келді. Ал Иран делегациясының басында СІМ басшысының аға кеңесшісі Али Асгар Хаджи бар. Сирия Араб Республикасының атынан кездесуге Сирия сыртқы істер министрінің орынбасары Айман Сусан қатысып отыр.